RU

"Аграрлық несие корпорациясының" бұрынғы басқарушы директоры 10 жылға сотталды

Сот
Көрнекі фото: pixabay.com

Бүгін Нұр-Сұлтандағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қамшымбаевқа қатысты үкім шығарылды деп хабарлайды сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Telegram арнасы.

Ағымдағы жылдың 25 желтоқсанында Нұр-Сұлтан қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен "ҚазАгро" холдингінің бұрынғы басқарушы директоры, "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ Басқарма мүшесі Қамшымбаев Азамат Әбдірахманұлы кінәлі деп танылып, оған 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Ол Ақтөбе облысында орналасқан кепіл элеваторын сатып алу кезінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге тиесілі 200 мың АҚШ долларын ұрлауға және пара беруге итермелеуге әрекеттенген.

Осы үкіммен Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты Болатов Асқар Ескендірұлы жымқыруда сыбайлас деп танылып, оған 5 жылға шартты жаза тағайындалды.

Сонымен қатар, "Проблемалық кредиттер қоры" АҚ қарыздарды өндіріп алу департаменті директорының орынбасары Б.Н. Рахимов заңсыз сыйақы алғаны үшін кінәлі деп танылып, (бұрын тағайындалған "күзетпен ұстау" бұлтартпау шарасын ескере отырып) 1 жылға бас бостандығы шектелді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, білім және ғылым министрінің бұрынғы көмекшісі сотталды. Күдеров студенттерге арналған жазғы білім беру стартап-мектебін ұйымдастыруға бөлінген 11 млн теңгеден астам қаражатты алаяқтық жолмен жымқыру күдігіне іліккен еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1891080-agrarlyk-nesie-korporaciasyny-bryngy-baskarusy-direktory-10-zylga-sottaldy/