RU

Ақмола облысында ағаш өңдеу цехының иесінен 11 келі марихуана тәркіленді

есірткі марихуана
Көрнекі фото: kaskad.tv

Ақмола облысында есірткі заттарын тасымалдаумен айналысқан ағаш өңдеу цехының иесі ұсталып, одан 11 келіден астам марихуана тәркіленді деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 24 желтоқсанда Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Қостанай облысы Қарасу ауданының 41 жастағы тұрғынын ұстаған.

Күдіктінің Ақмола облысының Есіл және Жарқайың аудандары аумағына есірткі заттарын жеткізу және өткізумен айналысқаны анықталды.

«КамАЗ жүк көлігін тінту барысында салмағы 10 келіден асатын кептірілген марихуана салынған қап табылған. Осы көлікте отырған күдіктінің өзінен 40 грамм марихуана тәркіленген.
Бұдан бөлек, ұсталған адамға тиесілі ағаш өңдеу цехының сейфінен полиэтиленге өлшеп салынған 18 түйіншек марихуана, сондай-ақ, 1 бума гашиш табылды», - деді ведомство өкілі.

Полиция қызметкерлері атап өткендей, барлығы 11 келі 129 грамм марихуана және 195 грамм гашиш тәркіленген.

Есірткі тасымалдаушы Көкшетау қаласындағы уақытша ұстау изоляторына қамалды.

«Күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 297-бабы 1-бөлігі (есірткі заттарын заңсыз өткізу) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тәркіленген есірткі затының салмағы аса ірі мөлшерде болғандықтан Қылмыстық іс ҚР ҚК 1-бабының 3-бөлігіне ауыстырылды», - деп атап өтті Ақмола облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мейрам Жапбасов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1891155-akmola-oblysynda-agas-deu-cehyny-iesinen-11-keli-marihuana-trkilendi/