RU

"Үш инфекцияның қосындысы": Бұрынғы денсаулық сақтау министрі коронавирус туралы

Фото
Фото: Елорда Инфо

Қазақстанның бұрынғы денсаулық сақтау министрі, Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университеті директорлар кеңесінің төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Жақсылық Досқалиев коронавирус туралы мәлімдеме жасады деп жазады Қазақпарат.

Оның сөзінше, коронавирус - үш бірдей инфекцияның қосындысы.

Біріншіден, вирус қанды ұйытады, дейді Досқалиев. Әсіресе, жіңішке, капилляр тамырлардағы қан ұйып, тромбоз (қан айналымының баяулауы) пайда болады.

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі адам малярия ауруына шалдыққанда оның денсаулығында дәл осындай симптомдар байқалатынын жеткізді.

Екіншіден, бұл АИТВ (адамның иммунтапшылығы вирусы) ауруы сияқты адамның иммундық жүйесін бұзады және індет ағзадағы инфекцияға қарсы тұратын Т және Б лимфоциттерді жойып жібереді, дейді ол.

Досқалиевтың айтуынша, үшіншіден, тұмау сияқты адамның тыныс жолдарын, өкпесін зақымдайды. Ал өкпе – ашық орган және ол сыртқы ауамен тікелей байланысты.

"Сол себепті коронавирустың ең алғашқы зиян келтіретін нысанасы – өкпе. Кейін бауыр, бүйрек, жүректің жұмысын нашарлатады. Өкпе істен шыққаннан соң, адам ағзасында оттегі жетіспеушілігі пайда болады. Ал оттегіне өте тәуелді орган – адамның миы. Организмде 15 минут оттегі болмаса, ми қайта тірілмейді", - деді профессор.

Медицина ғылының докторы коронавирус бүйрек, бауыр және жүректің жұмысын бұзатынын жасырған жоқ.

Дегенмен аталған органдар індет жұқтырып емделіп шыққанан кейін бірнеше жылдан соң сыр беруі мүмкін, дейді ол.

Себебі бүйрек пен бауыр дерті ұзақ мерзімді аурулар қатарына жатады. Мәселен, бүйрек ауруы басталғаннан оның трансплантациясына дейін 3 жыл уақыт өтеді.

Бұл аралықта науқас "Жасанды бүйрек" деп аталатын арнайы аппарат көмегі арқылы амалдайды. Ал бауыр дерті 3-4 жылға созылуы мүмкін және оны көп адам байқай бермейді, дейді Досқалиев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1891181-s-infekciany-kosyndysy-bryngy-densaulyk-saktau-ministri-koronavirus-turaly/