RU

Қыруар қаржы сол күйі жетпеген: Ақтөбе облысында экс-әкім сотталды

Шенеунік
Көрнекі фото: Sputnik / Владислав Воднев

Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы ауылдық округінің бұрынғы әкімі аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін сотталды. Бұл туралы Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің баспасөз қызметі хабарлады деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бұған дейін ведомство бұл іс туралы ақпарат берген болатын.

"Аграрлық несиелік корпорация" АҚ Ақтөбе қаласындағы филиалы "Құлан" бағдарламасы бойынша шаруашылық қожалығының иесіне 40 жылқы сатып алу үшін жалпы сомасы 11 840 000 теңгені құрайтын несие бергені анықталды", – деді ведомство.

Алайда бұл қаражат сол күйі фермерге жетпеген. Ауылдық округтің әкімі жалған құжаттар мен түбіртектерді пайдаланып, көрсетілген қаражатты алып, оны өз қажеттіліктеріне жұмсағаны анықталған.

Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігіне сай (аса ірі көлемдегі алаяқтық) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілген. Соның аясында ауылдық округ әкіміне "қамауға алу" шарасы қолданылған.

Мұғалжар аудандық сотының үкімімен экс-шенеунік айыпты деп танылған. Оған 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

Еске сала кетсек, Қорғаныс министрлігі кадр және әскери білім департаментінің бұрынғы басшысы генерал-майор Көпбаев пара алғаны үшін сотталды. Экс-генерал-майор қызметке тағайындағаны үшін 200 мың теңге пара алған.

Соынмен қатар, Нұр-Сұлтан әуежайынан 1,7 млрд ұрлануына байланысты қылмыстық іске қатысы барларға сот үкімі шығарылды. Экс-қызметкерлер ұзақ мерзімге сотталды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1891250-kyruar-karzy-sol-kji-zetpegen-aktbe-oblysynda-eks-kim-sottaldy/