RU

Денсаулық сақтау министрлігі: Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз

Алматының көшесі
Көрнекі фото: NUR.KZ

Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері Орталық коммуникациялар қызметіндегі онлайн брифингте коронавирус жұқтыруға қатысты Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдай туралы хабарлады. Олардың мәліметтері бойынша, елде жағдай тұрақсыз деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Елде тұрақсыз эпидемиологиялық ахуал бар. 28 желтоқсандағы жағдай бойынша республика қаупі төмен аймақтан орташа қауіпті аймаққа, яғни "жасылдан" "сарыға" ауысқан. Атырау облысы "қызыл" аймақта қалды. Қызыл аймаққа да көшкен – Павлодар, Ақмола, Қостанай облыстары. Сары аймақта немесе орташа қауіп аймағында 3 өңір бар – Солтүстік Қазақстан облысы, Нұр-Сұлтан және Алматы", – деді денсаулық сақтаудың бірінші вице-министрі Марат Шоранов.

Еске салсақ, денсаулық сақтау министрлігі коронавирус бойынша елдегі эпидемиологиялық жағдайға қатысты соңғы деректерді жария еткен еді. Қазақстанда өткен тәулікте 733 адамда коронавирус індеті ПТР арқылы расталды.

Осылайша, ел бойынша ауырғандардың жалпы саны 152 460-қа жетіп отыр.

Айта кеткен жөн, Жамбыл облысында коронавирусқа қарсы QazCovid-in қазақстандық вакцинасының клиникалық зерттеулерінің үшінші кезеңі басталды. Осы кезең аясында облыстың 1000 тұрғыны коронавирус вакцинасын алады.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Әсет Қалиев вакцинация үшін еріктілер қандай өлшемдер бойынша таңдалғанын айтты, олардың дені сау, аурудың ауыр формалары мен аллергиялық реакциялар болмауы керек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1891327-densaulyk-saktau-ministrligi-kazakstandagy-epidemiologialyk-zagdaj-traksyz/