RU

Алматыда боулинг, караоке және банкет залдары Жаңа жылдан кейін ашылуы мүмкін

Фото
Фото: Olx.kz

Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов онлайн брифинг барысында Алматыда боулинг, караоке және банкет залдарының ашылуы мүмкін екенін айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Өткен отырыстың қорытындысы бойынша вице-премьер-министр Ералы Тоғжанов бас санитарлық дәрігер Ерлан Қиясовқа санитарлық талаптарды ескере отырып, бизнес бастамаларын және караоке-залдарды, фудкорттарды, боулингтерді, мектеп асханаларын, банкет залдарын, балалар ойын-сауық орталықтарын ашу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Ол Алматыда цифрлық мониторингті қолдана отырып жасалаған пилоттық жоба идеясына қолдау білдірді. Бұл толық өзін-өзі реттеуге көшу кезінде санитарлық талаптардың сақталуын бақылау үшін бейнекамералар орнату", - деді Қошмамбетов.

Оның айтуынша, жобаны жүзеге асыру жұмыстары жаңа жылдық демалыстан кейін басталуы мүмкін.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин оңтүстік астанадағы мейрамханалар Жаңа жыл қарсаңында жұмыс істейді ме деген саулаға жауап беріп, шаһар тұрғындарын ұжымдық кештер өткізбеуге шақырған еді.

Ал елімізде өткен тәулікте 733 адамнан коронавирус анықталған болатын. Олардың 83-і Алматы қаласында тіркелді.

Осылайша, ел бойынша ауырғандардың жалпы саны 152 460-қа жетті.

Сонымен қатар Қазақстанда өткен тәулікте 821 адам COVID-19 инфекциясынан жазылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1891332-almatyda-bouling-karaoke-zne-banket-zaldary-zaa-zyldan-kejin-asyluy-mmkin/