RU

Денсаулық сақтау министрлігі Жаңа жыл қарсаңында халыққа үндеу жасады

Шырша
Көрнекі фото: piqsels.com

Денсаулық сақтау вице-министрі Марат Шоранов Жаңа жыл қарсаңында Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте қазақстандықтарға үндеу жасады. Ол коронавирусқа қарсы алдын алу шараларын сақтауды, қауіп-қатер тобындағы туыстарды қашықтан құттықтауды ұсынды деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Вице-министр Марат Шоранов қазақстандықтарды адамдар жаппай жиналған жерге бармауға, ұжымдық кештер мен өзге де шаралар ұйымдастырмауға шақырды.

Сондай-ақ суық тигізіп алудан абай болуға әрі туыстардың денсаулығына қауіп төндірмеу керектігін атап өтті.

"Сіздерді қауіп-қатер тобындағы жақындарыңыздың денсаулығына қауіп төндірмеуге, оларды заманауи байланыс құралдарын пайдаланып, қашықтан құттықтауға шақырамын. Жаңа жыл - жанұялық мереке. Сол себепті, сіздерге оны жақындарыңыздың арасында, туыстарды, достар мен таныстарды шақырмай қарсы алуды ұсынамын", - деді ол.

Шорановтың айтуынша, мерекелер эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына және ауру өсімінің бақылаудан шығып кетуіне себепкер болмауы керек.

"Бұл біздің алдын алу шараларын сақтауымызбен тікелей байланысты болмақ", - деді шенеунік.

Айта кетейік, қауіп-қатер тобына қарттар мен созылмалы ауруы бар тұрғындар жатады.

Еске салсақ, денсаулық сақтау министрлігі коронавирус бойынша елдегі эпидемиологиялық жағдайға қатысты соңғы деректерді жария еткен еді. Қазақстанда өткен тәулікте коронавирус жұқтырған тағы 733 адам белгілі болған.

Осылайша, ел бойынша COVID-19-бен ауырғандардың жалпы саны 152 460-қа жетіп отыр.

Сонымен қатар Жамбыл облысында коронавирусқа қарсы QazCovid-in вакцинасын клиникалық сынақтан өткізудің соңғы ІІІ кезеңі басталды.

Осы кезең аясында облыстың 1000 тұрғынына коронавирусқа қасы вакцина егіледі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Әсет Қалиев вакцинация үшін еріктілер қалай таңдалғанын айтты.

Яғни оларды таңдауда дені сау екені, аурудың ауыр формалары мен аллергиялық реакциялардың болмауы есепке алынған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1891349-densaulyk-saktau-ministrligi-zaa-zyl-karsaynda-halykka-ndeu-zasady/