RU

Қайрат Нұртас пен Айқынды шақырған ақтөбелік кәсіпкерлер айыппұл арқалады

Қайрат Нұртас пен Айқын
Фото: Instagram/ kair_n

Ақтөбе облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті эстарада жұлдыздарын шақырып, ұжымдық кеш өткізген бірнеше кәсіпкерге айыппұл салды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Қайрат Нұртас қатысқан шара бойынша "Auz.T" тамақтану желісінің (фастфуд) жеке кәсіпкеріне 319 470 теңге көлемінде (қысқартылған түріндегі) айыппұл салынды.

Кәсіпкер ұжымдық, ойын-сауық іс-шараларын өткізген. Келушілердің де, ұйымдастырушылардың да медициналық маскалары болмаған, адамдар арасындағы әлеуметтік арақашықтық сақталмаған.

Сонымен қатар Айқын Төлепбергенов қатысқан шара бойынша "Арвана-гранд парк" лаунж-барының заңды тұлғасына қатысты тексеру актісі ашылып, тексеру барысында заңды тұлға жеке тұлғаға жалға бергені (мекемені - ред.) белгілі болды.

Осы обьектіге қатысты жеке тұлғаға қатысты қайта тексеру актісі ашылып, жеке тұлға З.Тухмухамбетоваға 41 670 теңге көлемінде (қысқартылған түріндегі) айыппұл салынды", - дейді Ақтөбе облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі.

Департамент басшылары әншілердің жауапкершіліктен босатылуын "Әнші - Алматы қаласының тұрғыны" деп түсіндірді.

Сондай-ақ ақтөбелік эпидемиологтар шектеу карантин шараларын бірнеше рет бұзған 13 нысанның қызметін тоқтату үшін әкімшілік сотқа жүгінген. Олардың қатарында "Диана", "Андр", "Салтанат сарайы", "Дулат", "1001 түн",  "Ғарыш",  "Нұр", "Хан Орда" мейрамханалары, "Душа" караоке клубы, "Virtual club" , "Sun STRIKE" ойын клубтары бар.

"Мобильді мониторингтік топтардан және жергілікті полиция қызметінен түскен материалдарға сәйкес, ҚР "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодексінің 425-бабы 1-бөлігі бойынша анықталған бұзушылықтар үшін 169 717 640  теңге көлемінде 1254  айыппұл салынды.

Бүгінгі күні Координациялық орталықтардан түскен шұғыл хабарлама негізінде жоспардан тыс 19 тексерулер жүргізілді. Тексеріс қорытындысы бойынша 18 объектіге 5 028 180 теңге көлемінде айыппұл салынды, 18 ұйғарым берілді, объектінің жұмысын тоқтату бойынша 13 материал әкімшілік сотқа жіберілді", - дейді Ақтөбе облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева.

Қортындылай келе эпидемиологтар тұрғындарға жаңа жылдық іс-шаралар өткізуге, топтық мерекелік іс-шараларды ұйымдастыру бойынша қызметтер мен кейтеринг қызметтерін көрсетуге тыйым салынғанын ескертіп, санитарлық талаптарды қатаң сақтауға шақырады.

Бүгінгі таңда облыстағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Ақтөбе облысының аумағында блок-бекеттер жоқ. Ақпан айынан бастап Мәртөк ауданында "Жайсаң", Қарғалы ауданында "Әлімбет" санитарлық-карантиндік бекеттері жұмыс істемек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1891364-kajrat-nrtas-pen-ajkyndy-sakyrgan-aktbelik-ksipkerler-ajyppl-arkalady/