RU

Атырау облысында сушиден уланғандар саны 29-ға жетті оның 21-і ауруханада жатыр

Суши
Көрнекі фото: pixabay.com

Атырау облысында сушиден уланған тұрғындар саны 29 адамға жетті. Олардың 21-і ауруханада ем қабылдауда хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 27-28 желтоқсанда Жылыой аудандық орталық ауруханасына тағам токсикоинфекциясы диагнозымен 29 науқас келіп қаралған.

Оның ішінде 4 науқас стационарға жатудан бас тартса, 4 науқас үйіне амбулаторлы ем алуға жіберілген. 21 науқас стационарға жатқызылған.

"Уланған науқастардың бәрі 24 желтоқсанда "Три самурая" дәмханасынан алған сушиді жеген. Ауруханада жатқан науқастар жұқпалы аурулар бөліміне ауыстырылып, тиісті ем-дом шараларын қабылдауда. Науқастардың бәрінде іш өту, жоғары температура, жүрек айнуы, құсу және жалпы әлсіздік улану белгілері байқалды. Ауруханаға жатқызылған адамдардың жағдайы "орташа ауыр", - дейді Жылыой аудандық орталық ауруханасының директоры Нұрбек Үкібаев.

Қазір осы фактіге қатысты құқық қорғау органдары мен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары тексеру жүргізіп жатыр.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысы Құлсары қаласында сушидан жаппай улану жағдайы тіркелгенін, Жылыой орталық аудандық ауруханасына жергілікті 16 тұрғын түскенін хабарлаған едік.

Кафенің өзінде тамақты дайындау мен жеткізу тоқтатылғанын, сондай-ақ мекеменің қызметін уақытша тоқтату туралы сотқа материалдар әзірленуде екені хабарланған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1891434-atyrau-oblysynda-susiden-ulangandar-sany-29-ga-zetti-ony-21-i-auruhanada-zatyr/