RU

Жапонияда коронавирустың оңтүстік африкалық штамының алғашқы жағдайы тіркелді

Дәрігерлер
Көрнекі фото: Dmitry Rogulin\TASS via Getty Images

Оңтүстік Африкадан табылған коронавирустың жаңа штамы алғаш рет Жапонияда тіркелді деп хабарлайды РИА Новости.

19 желтоқсанда Оңтүстік Африка Республикасынан келген 30 жастағы әйелден коронавирус анықталған.

Инфекциялық аурулар ғылыми-зерттеу ұлттық институтында жүргізілген зерттеулер бұл мутацияға ұшырап, Оңтүстік Африкада тараған вирус екенін көрсеткен.

Сонымен қатар тағы алты адамнан Ұлыбританияда анықталған коронавирус штамы табылғаны белгілі болды.

Осылайша, Жапонияда барлығы 15 адам коронавирустың жаңа штамдарын жұқтырған.

Еске сала кетсек, желтоқсанның ортасында Ұлыбританияда SARS-CoV-2 коронавирусының жаңа мутациясы табылғаны белгілі болды.

Кейінірек Ұлыбританияның жаңа және дамып келе жатқан респираторлық вирустық қауіптер жөніндегі консультативтік кеңесі коронавирустың елде анықталған аталмыш түрі жылдам таралатынын және тұрғындардан асқан сақтықты қажет ететіндігін растады.

Вирустың жаңа штамы, әдеттегіден 70%-ға жұқпалы болуы мүмкін дегенмен алдыңғысына қарағанда қауіптірек деп айтуға ешбір негіз жоқ.

Сондай-ақ Оңтүстік Африканың денсаулық сақтау министрлігі де генетиктердің 501.V2 деп аталатын жаңа коронавирус мутациясын анықтағанын хабарлаған еді.

Елдегі жағдайға келсек, Қазақстанда өткен тәулікте 739 адамда коронавирус індеті ПТР арқылы расталған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1891449-zaponiada-koronavirusty-otstik-afrikalyk-stammyny-algasky-zagdajy-tirkeldi/