RU

Испанияда коронавирусқа қарсы вакцина салдырмағандар тізімге алынатын болады

Вакцина
Көрнекі фото: Andreas Rentz/Getty Images

Испания денсаулық сақтау министрі Сальвадор Илла COVID-19-ға қарсы екпеден бас тартқандардың тізімі жасалып, Еуропалық одақ елдеріне берілетінін айтты деп жазады Би-би-си.

Денсаулық сақтау министрінің сөзінше, аталмыш тізім жұмыс берушілер мен қоғамға қолжетімсіз болады.

Испанияда жаппай вакцинациялау басталды. Сальвадор Илланың айтуынша, вирусты жеңудің жалғыз жолы - барлық адамды вакцинациялау.

"Біздің еуропалық серіктестерімізге берілетін тізілім жасалады. Яғни вакцина салдыру ұсынылған және бұл ұсыныстан бас тартқан адамдардың тізімі", - дейді Илла.

Қараша айында Испания азаматтары арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде вакцина қабылдаудан бас тартқан адамдар саны 47%-дан 28%-ға дейін төмендеген.

"Біз күмәнді сейілтуге тырысып жатырмыз. Екпе адам өмірін құтқарады, бұл пандемиядан шығудың жолы осы", - дейді Сальвадор Илла.

Испанияда COVID-19-дың құрбаны болғандардың саны 28 желтоқсанда 50 мыңнан асқан. Індет басталғалы бері 1,8 миллионнан астам адам коронавирус жұқтырған.

Ал елімізде отандық вакцинаны жаппай егу 2021 жылдың наурыз айында басталады.

Бірінші кезекте ерікті түрде медицина қызметкерлеріне, педагогтерге, сондай-ақ созылмалы аурулармен ауыратын топтағы адамдарға екпе жасалады.

Айта кетейік, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев коронавирусқа қарсы қазақстандық QazCovid-in вакцинасын қабылдаған болатын. Вакцина клиникалық зерттеулерден тыс ерікті түрде егілді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1891468-ispaniada-koronaviruska-karsy-vakcina-saldyrmagandar-tizimge-alynatyn-bolady/