RU

Алматыда пышақ ұстаған өзбек азаматы екі бірдей дүкенге шабуыл жасаған (видео)

Шабуыл жасаған күдікті
Видеодан кадр: polisia.kz

Алматылық полицейлер дүкендерге пышақпен шабуыл жасаған Өзбекстан азаматын қолға түсірді. Ер адамның ұсталған сәтінен видео жарияланды деп хабарлайды ІІМ ресми сайты Polisia.kz.

"Боран - 134" экипажы шабуыл туралы ақпарат алып, қылмыс болған жерге іргелес аумақты мұқият аралай бастаған.

Алматы қалалық ПД ЖПҚБ патрульдік полиция полкі командирінің міндетін атқарушы Алмас Ахмедьяровтың айтуынша, полицейлер көп ұзамай күдіктіні қолға түсірген. Ол Өзбекстан азаматы болып шыққан.

Ер адамнан ас үй пышағы табылған. Ол өз кінәсін мойындаған.

"Бейнебақылау камералары көрсеткендей, күдікті дүкенге сатып алушы ретінде кіріп, сатушыға пышақ көрсетіп, кассадан ақша талап еткен. Әйел адам қорқып, барлық ақшаны берген. Ең бастысы, жәбірленуші шабуыл туралы полицияға дереу хабарлады", - Алмас Ахмедьяров.

Оның сөзінше, жәбірленуші секілді қылмыс туралы полицияға бірден хабар беру керек. Командир күдіктінің санаулы минуттарда қолға түскенін атап өтті.

Тәртіп сақшыларының дерегінше, ұсталған адамның аз ғана уақыт ішінде екі азық-түлік дүкеніне шабуыл жасағаны анықталған.

Қазіргі уақытта ҚР ҚК 192-бабы, 2-бөлігі (Қарақшылық) бойынша тергеу жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторында отыр.

Еске сала кетсек, Алматы қаласында дүкенге қарулы шабуыл жасалғанын жазған едік. Шабуыл жасаған төрт адамның екеуі тез арада қолға түскен.

Шабуылдың басқа қатысушыларының жеке бастары анықталып, оларды ұстау бойынша шаралар қабылданған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1891513-almatyda-pysak-stagan-er-adam-eki-dkenge-sabuyl-zasagan-video/