RU

Шымкенттік алаяқ 33 адамның ақшасын қалтасына басқан

Ғаламтор алаяқ1
Көрнекі фото: pxhere.com

33 адамға сан соқтырып, қаржыларын қалтасына басқан азамат 4 жыл мерзімге бас бостандығын шектеуге сотталды деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы Түлкібас ауданының ПБ кезекші бөліміне белгісіз азаматтың оның сеніміне кіріп, мемлекеттен тиісті әлеуметтік жәрдемақыны алып беремін деген сылтаумен ақшасын алып, бір жылдан бері қайтармай жүргені туралы жергілікті тұрғын шағымданған.

Полицейлер аталған жайтты бірден ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық)  бойынша тіркеп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізеді. Өткізілген іс-шаралар барысында жәбірленушілер саны арта бастайды. Осылайша алаяқтың құрбандарының саны 33-ке жетеді. Ал жалпы шығын көлемі 1 миллион 641 мың теңгені құрайды.

Полиция қызметкерлері тез арада күдіктінің жеке басын анықтауға кіріседі. Ол Шымкент қаласының тұрғыны болып шығады. Алайда полицейлерге оны құрықтау қиынға соғады. Себебі қаскүнем ізін жасыру мақсатында қашып кетеді.

Ішкі істер органдарының барлық бөліністеріне күдікті туралы бағдар жіберіліп, іздеу жарияланды. Сонымен қатар жедел уәкілдер арнайы операция өткізіп, нәтижесінде күдікті ұсталды.

Тексеру барысында оның бұрын алаяқтық үшін сотты болғаны да анықталды. Өткенінен сабақ алмаған ол қылмыс жасауын тоқтатпаған.  

"Күдікті азамат өзінің алаяқтығын ісін іске асыру мақсатында жергілікті тұрғындардың біріне “WhatsApp” арқылы “мемлекеттен тиісті жәрдемақыны қысқа мерзімде алып беремін деген” хабарлама жолдап, сеніміне кірген. Одан соң жәбірленушінің 25 мың теңгесін алып, біршама уақыттан соң сезік тудырмас үшін поштаға барып, жәбірленушінің есепшотына  әдейі 85 мың теңге аударған.

Осылайша күдіктінің құрығына түскен жәбірленуші өзінің таныстарына, жолдастарына күдіктінің мемлекеттен шын мәнінде ақша алып бере алатынын айтып, ақшаның аударылғаны туралы поштадан келген хабарламаны көрсетіп, кеңес бере бастаған. Содан соң күдіктіге ақша аударушылар саны артады. Айласын одан әрі іске асырған күдікті жәбірленушілердің ақшаларын ала отырып, сенімдеріне әбден ену үшін тағы да екі тұрғынға 73 мың теңгеден аударады.

Осындай жолмен ол 33 адамды сан соқтырып, бір жыл бойы алдап жүреді. Тек 2020 жылдың наурызында ғана жәбірленушілер алданғандарын түсініп, полицияға арызданды. Ауқымды жұмыстардың нәтижесінде ұсталған азаматтың кінәсі дәлелденіп, ісі сотқа жолданды. Бүгінде ол соттың үкімімен 4 жылға бас бостандығын шектеуге сотталды" , – деді ПБ тергеушісі.

Түркістан облысының полицейлері облыс тұрғындарына бейтаныс адамдарға сенбеуді, алаяқтың арбауына түсіп қалмауды ескертеді. Сондай-ақ жеке мәліметтерді желі немесе “WhatsApp” арқылы ешкімге жібермеуге, таратпауға кеңес береді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1891540-symkenttik-alaak-33-adamny-aksasyn-kaltasyna-baskan/