RU

Әйелін өлтіргені үшін сотталған 75 жастағы қария Жаңа жыл қарсаңында босатылды

Фото
Фото: ШҚО Қылмыстық-атқару жүйесінің департаменті

75 жастағы сотталушы 2021 жылды бостандықта қарсы алмақ. Ол 2019 жылы әйелін өлтіргені үшін қатаң режимдегі колонияға 8 жылға қамалған еді. Түзету мекемесінде зейнеткер мүгедектер арбасымен жүрген және оны көптеген аурулар мазалай бастаған деп жазады KAZ.NUR.KZ өңірдің қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, түзету мекемесіне түскен уақытта зейнеткердің жағдайы өте ауыр болған.

Колония дәрігерлері зертханалық зерттеулер жүргізіпті.

Содан кейін сотталушы арнайы комиссияға республикалық соматикалық аурухананың дәрігерлеріне ұсынылды.

"Колония қызметкерлері сотталушының материалдарын сотқа берді, ол науқастануына байланысты 6 жылдан астам мерзімдік жазасын өтеуден босатылды. Сот ұсынысты қанағаттандырды", - деді Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖД басшысының орынбасары Ғалымжан Балтабаев.

"Сотталушының екі ұлы бар, үлкені Германияда, кішісі Ресейде тұрады. Қазақстан аумағында зейнеткерді қабылдай алатын туыстары жоқ. Осыған байланысты біз оны Өскемендегі әлеуметтік бейімдеу орталығына жіберу туралы шешім қабылдадық.

Босатылған күні оны біздің қызметкерлер қызметтік көлікпен карантиндік шаралардың барлық ережелерін сақтай отырып ертіп жүрді. Оның тезірек сауығып кетуіне тілектеспіз", - деп толықтырды әділет полковнигі.

Бостандыққа шыққан зейнеткер өңірдің ҚАЖД қызметкерлеріне алғысын білдірді.

"Мен жасағаныма қатты өкінемін. Әйелімді жақсы көрдім, біз 52 жыл бірге өмір сүрдік. Сол күні екеуміз жанжалдасып қалдық, мен оны итеріп жібердім, ол құлап, басын ұрып алды. Мен қазірдің өзінде жазаландым деп ойлаймын, себебі жалғыз қалдым.
Қажетті құжаттарды жинауға көмектескен және бейімдеу орталығына жеткізген мекеме қызметкерлеріне шын жүректен ризамын, сонымен қатар медициналық бөлімнің қызметкерлеріне үлкен ризашылығымды білдіремін, олар әрдайым маған көмектесті", - деді ер адам.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1891677-jelin-ltirgeni-sin-sottalgan-75-zastagy-karia-zaa-zyl-karsaynda-bosatyldy/