RU

"Түрмеге өз үйіндей қайтып келеді": Ақтөбедегі мың адамға арналған абақтыда кімдер отыр

Фото
Фото: NUR.KZ

Ақтөбедегі мың адамға арналған абақтыда кімдер отыр? Түрмеге түсу үшін қайтадан қылмыс жасап жүргендер кімдер? Темір тор ішінде қылмыс жасағандар өмірге қалай бейімделеді? KAZ.NUR.KZ порталы Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық- атқару жүйесі департаментінің бастығы Алмас Шамишевпен болған сұқбатты ұсынады.

Қаладағы КА-168/1 тергеу изоляторы, қауіпсіздігі орташа КА-168/2 және қауіпсіздігі барынша төмен КА -168/3 мекемелері осы департаментке қарайды. 1000 адамға арналған жазалау мекемесінің қазір 60 пайызы толық. Онда он жылдап отырғандар бар.

- Бүгінгі күні жазасын өтеушілер туралы айта кетсеңіз, абақтыда кімдер отыр?

- Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты мекемелерде 16 мен 75 жас аралығындағы азаматтар бар. Оның ішінде, қамаудағы сотталғандардың дені 24 пен 35 жас аралығында. Мекемеде жазасын өтеп жатқандардың басым бөлігі Ақтөбе облысының азаматтары. Сотталғандардың 81,3 пайызы еңбекке қабілетті. Бәрі де жұмыспен қамтылған. Тапқан жалақыларын өз отбасыларына жұмсайды немесе сот шығындарын өтейді.

- Сотталғандардың мінез-құлқы абақтыға келгенде өзгере ма?

- Бірінші рет сотталғандар күйзеліске түседі. Олармен психологтар жұмыс жасап, көмек береді. Қиындықтар өмірдің соңы емес екенін түсіндіреді. Кейін жұмысқа орналасқаннан кейін қалыпты жағдайға келеді. Сотталғандармен кездесіп, жеке қабылдаулар өткіземіз. Өздеріне үкім етілген тәртіптік жазамен келіспей жататындар бар. Тиісті мамандармен түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз.

Фото
Алмас Шамишев. Фото: NUR.KZ

- Бостандыққа шыққан соң айтадан абақтыға түсетіндер туралы айтсаңыз... Олар кімдер?

- Көп жағдайда ұрлық жасағандар. Аз уақытта жазасын өтеп шығады да қайта ұрлық жасайды. Сотталғандардың көпшілігі кәсіби қылмыскерлер. Жұмыс жасауды емес, жеңіл жолды таңдайды.

Түрмеге үйлеріне келгендей келеді. Олардың бостандықта үйлері жоқ. Туыстары араласпайды. Жазасын өтеп шықса да тағы қылмыс жасап, қайтып келетіндер аз емес.

Көпшілігінің құқықтық сауаты төмен. Заңнаманы білмейді. Жазасын өтеушілер арасында сауатты, жоғары білімді мамандар да бар. Олар бұрын мемлекеттік мекемеде жұмыс жасағандар.

- Темір тор тәрбиелей ме? Бұзақылық жасағандарды өмірге бейімдеу қалай жүреді?

- Түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан азаматтарды бостандыққа дайындау - олардың мекемеге келген алғашқы күнінен басталады. Бостандыққа шығуға дайындық мектебінің мақсаты - сотталғандардың бостандыққа шыққан кезінде қоғамда өз орнын тауып, ортаға тез бейімделуге көмектесу. Сотталған азаматтарды қоғамға бейімдеу мақсатында, мекемеден босатылған азаматтарды жұмысқа және тұрмыстық орналастыру бойынша «Қақпа алдында кездесу» әлеуметтік жобасы жүзеге асырылуда.

2020 жылы түзеу мекемесінен босаған 7 сотталған азаматқа, ал 2019 жылы – 21 сотталған азаматқа жұмысқа орналасу бойынша кеңестер беріліп, жергілікті жұмыспен қамту орталықтарына жолданып, құқықтық көмек көрсету бойынша кеңестер берілді.

Сонымен қатар, Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты барлығы 15 аудандық пробация қызметтерімен сотталғандарды қоғамға бейімдеу бағытында, олардың тұрмыстық жағдайын жан жақты жақсартуға арналған жұмыстар жүргізіліп келеді. Жыл басынан 69 бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткізіліп, нәтижесінде 80 сотталған жұмысқа орналастырылды.

- Балаларыңыздың құқық қорғау саласында қызмет еткенін қолдайсыз ба?

- Олардың таңдауларын құрметтеймін. Ең бастысы – адалдық. Дәнекерлеуші болам десе де қарсы болмаймын. Өз ісінің шебері болып жүрген дәнекереушілер бар. Олар жақсы табыс тауып жүр. Адамның бәрі заңгер, экономист болуы міндет емес.

- Өзіңізге қандай талап қоясыз?

- Адал жұмыс істеу. Халыққа жақын болу.

- 2021 жылдан не күтесіз?

- Коронавирус инфекциясының таралуы тезірек біткенін тілеймін. Көптеген қиындықтар болды. Қалыпты өмір сүру жағдайы көп өзгеріске енді. Кездесулерге шектеу болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1891695-trmege-z-jindej-kajtyp-keledi-aktbedegi-my-adamga-arnalgan-abaktyda-kimder-otyr/