RU

Теміртауда 25 жастағы қыз зейнеткердің шотындағы ақшасын ұрлаған

Ұялы телефон
Көрнекі фото: pixabay.com

Теміртауда 25 жастағы алаяқ зейнеткердің есепшотындағы жинақ ақшасын ұрлап кеткен деп хабарлады Polisia.kz.

27 желтоқсанда 72 жастағы қала тұрғыны Қарағанды ​​облысы Теміртау қаласының ПБ Старогород полиция бөліміне арызданған. Зейнеткер белгісіз біреу телефонындағы мобильді қосымшаны бұзып, 90 мың теңгесін жымқырғанын хабарлаған.  

Жедел іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері күдіктіні ұстады. 25 жастағы қыз өз кінәсін мойындады. Ол бұрын да осындай қылмысы үшін жауапқа тартылған алаяқ екені белгілі болды.

Қазақстан Қылмыстық кодексінің 190-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.  

Еске сала кетсек, Солтүстік Қазақстан облысының полиция қызметкерлері адамдардың сеніміне кіріп, ақшасын ұрлаумен айналысатын алаяқты ұстағанын жазған едік.

Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Петропавлдың 43 жастағы тұрғыны өзін медициналық қызметкермін деп таныстырған. Медицина маскасындағы, бет-әлпеті келісті әйелге зейнеткерлер сеніп қалған.

Оның ақшаның ауысатыны туралы жалған әңгімесіне де сеніп, қолда қанша қаржы жинап отырғандарына дейін айтып берген. Олар жуынатын бөлмеге кіріп кеткен кезде алаяқ олардың ақшасын алып, қашып кетіп отырған.

Ұсталған күдікті бұған дейін де осындай қылмыстар жасаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1891719-temirtauda-25-zastagy-kyz-zejnetkerdi-sotyndagy-aksasyn-rlagan/