RU

Йеменде министрлер ұшып келген уақытта жойқын жарылыс болды (видео)

Йемендегі жарылыс
Видеодан кадр: twitter.com/disclosetv

Сауд Арабиясынан жаңа үкімет мүшелері келген уақытта Йемен әуежайында жойқын жарылыс болды. Зардап шеккендер мен көз жұмғандар туралы мәліметтер бар.

Оқиға Йеменнің оңтүстігіндегі Аден қаласының әуежайындағы ұшып келу залында болған деп жазады РИА Новости.

Дәл сол уақытта Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядтан жаңа үкімет мүшелері ұшып келген. Министрлердің өзі сол уақытта ұшақтан түсіп үлгермеген, сондықтан зардап шекпеген. Барлығы үкімет сарайына жіберілген.

Басылым өз Telegram парақшасында жарылысқа хуситтерді зымыранмен ату себеп болғанын хабарлады. Қазіргі уақытта жарылыстан 20-дан аса адам жарақат алып, 10 адам қайтыс болған.

Жергілікті дереккөздерге сілтеме жасаған RT телеарнасының хабарлауынша, барлығы үш жарылыс болған.

"Известия" басылымының дерегінше, жарылыспен бірге оқ та атылған.

Айта кетейік, осыған дейін Йемен президенті Абду-Раббу Мансур Хади 24 министрден құралған жаңа үкіметті тағайындаған болатын.

Оның құрамына республиканың оңтүстігін бөлуді жақтайтын Оңтүстік Йемен Өтпелі кеңесінің бес өкілі кірген.

Одан бөлек, осы жазда Ливан астанасы Бейрут қаласында да жойқын жарылыс болған еді. Бұл жайт қалаға орасан зор зардабын тигізді. Бейрутта құтқару жұмыстары бір аптаға созылды.

Кейінірек 4 тамыз күні Бейрутта болған жойқын жарылыс Ливан Республикасына 15 миллиард доллардан астам шығын келтіргені анықталды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1891816-jemende-ministrler-syp-kelgen-uakytta-zojkyn-zarylys-boldy-video/