RU

Түркістан облысында жаңа аудан құрылмақ

Түркістан
Фото: kazakh-tv.kz

Түркістан облысында жаңа аудан құрылады. Бұл туралы өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев Кентау қаласында тұрғындармен жүздесу кезінде айтты деп хабарлайды облыс әкімдігінің ресми сайты.

Ведомствоның мәлметінше, жаңа аудан Кентау қаласына қарасты 12 ауылдық округті қамтиды және Сауран деп аталды. Орталығы Шорнақ елдімекені болады.

Қуанышты жайтты тұрғындарға жеткізу үшін облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Кентау қаласына арнайы келген.

"Бүгін біз өздеріңізбен үлкен тарихи оқиғаның куәгері болып отырмыз. Кентау қаласындағы елдімекендердің дамуына қанша көңіл бөлгенімен, ары қарай дамыту бағыттары мені көптен бері толғандырып жүрген мәселелердің бірі болатын. Бұлай дейтін себебім, Кентау қаласы шекарасының кеңеюі, тұрғындар санының екі есеге артуы, 12 ауылдық округтің Кентау қаласында орналасуы қала деңгейін аудандық деңгейге көшкенін көрсетіп отыр", – дейді Өмірзақ Шөкеев.

Жағымды жаңалықты естіген тұрғындар көкейде жүрген маңызды мәселені көтеріп, оны шешуге ұйытқы болған облыс басшысына алғысын айтты.

"Жаңа аудан құру және онда аудандық мемлекеттік органдардың, құқық қорғау және басқа құрылымдық органдардың құрылуы, мемлекеттік қызметтердің қол жетімділігін және ауылдық жерлердің дамуын қамтамасыз етеді", - деп атап өтті әкімдіктен.

Жаңа аудан 2021 жылы Наурыз мерекесі қарсаңында пайда болады.

Ал Кентау қаласы өнеркәсіпті және индустриалды орталық ретінде дами отырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық өсуіне үлес қоспақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1891826-trkistan-oblysynda-zaa-audan-krylmak/