RU

Мамандар елімізде балалар семіздігінің көбейгенін айтып, дабыл қақты

Фото
Көрнекі фото: pixabay.com

Қазақстанда балалардың семіздікке ұшырауы мамандарды алаңдатып отыр. Ресми дерекке сүйенсек, еліміздегі бес жасқа дейінгі әрбір оныншы баланың артық салмағы бар және семіздікке бейім келеді. Сарапшылар бұл жайтқа атүсті қарамауға шақырып, дабыл қағуда деп хабарлайды Kazakhstan Today. 

Балалар семіздігіне қатысты ресми мәліметті БҰҰ балалар қорының сарапшылары жариялады. Жүргізілген зерттеулер бойынша, 2016 жылы елдегі артық салмағы бар балалардың саны күрт өскен. Яғни, Қазақстанда тоғыз жастағы әрбір бесінші бала семіздіктен зардап шегуде.

Жасы кіші балалардың семіздікке ерте шалдығуына себеп өте көп. Оның ішінде, балалардың жемістер мен көкөністерді көп жемеуі, тәтті калориялы сусындарды тұтынуы, құрамында қанты бар салқын сусындарды жиі пайдалануы бар.

Зерттеу көрсеткендей, елдегі балалардың жартысына жуығы тәтті калориялы сусындарді ішсе, мектеп жасындағы балалар қант қосылған тәтті шырындарға құмар келеді. Олардың 49,7 пайызы апта сайын тәтті сусын ішетіндердің қатарында.

Сондай-ақ, телеарналарда бала ағзасына зиян саналатын тамақ өнімдері мен сусындардың жиі жарнамалануы да мәселені ушықтырып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанда жарнамаланатын тағамдар мен сусынардың 20 пайызы ғана халықаралық стандарттарға сай екенін анықтаған.

Мамандар баланың дұрыс тамақтануына ең алдымен ата-ананың жауапты екенін ескертеді. Бала дүниеге келген алғашқы күннен бастап ата-аналардың құлағына баланы дұрыс тамақтанудың маңызды екенін сіңіре беру қажет.

Осы орайда, еліміздегі әйелдер күші альянсы Қазақстандағы БҰҰ Балалар қорымен бірлесе отырып, балалардың тамақтануын жақсарту жолындағы әлеуметтік жобаларды жүзеге асырмақ. Жоба аясында қазақ және орыс тілдерінде жадынама мен арнайы кітаптар шығарылып, бірқатар іс-шаралар атқарылмақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1891832-mamandar-elimizde-balalar-semizdigini-kbejgenin-ajtyp-dabyl-kakty/