RU

"Адам өмірі ойыншық емес": Ақтөбеде 4 адам қаза болған шахта жұмысшылары назын айтты (фото)

Кеншілер
Оқиға орны. Фото: NUR.KZ

Ақтөбе облысы Хромтау ауданындағы шахтада төрт жұмысшы қайтыс болғаннан кейін марқұмдардың әріптестері наразылығын білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Кеншілер оқиға орнына журналистердің, прокурорлардың және әкімнің келуін сұрайды. Айтуларынша, басшылық қайғылы жағдайға жұмысшылардың өздерін кінәлап, жауаптан сытылып кетуі мүмкін.

"Қаза болған әріптестеріммен осы жерде бір жыл көлемінде қатар жұмыс істеген едік. Төрт адам шахтадан шыға алмай, уланып қалды. Бәрі де бала-шағалы, отбасылы жігіттер еді. Олардың ағалары да, туыстары да осы жерде жұмыс істейді. Шахтадан бір адам ғана өзін-өзі құтқару әдісін пайдаланып, аман шықты. Оны дәрігерлер алып кетті.

Қазір алпыстан аса адам кен орнынан кетпей, басшыларға талап қойып жатыр. Шыны керек, кен орнында қауіпсіздік сақталмаған. Қосымша есік жоқ. Жалғыз шығу жолы бар. Оның өзі апаттық жағдайда тұр. Қаза болғандарға қатысты жауапкершілікті басшылықтың толық өз мойындарына алғанын сұраймыз", - дейді кенші Қаныбек Айқалқа.

Кеншілер
Оқиға орны. Фото: NUR.KZ

Кеншілер анықтау, тергеу жұмыстарының әділ өткенін қалайды.

"Өзім осы шахтада машинист болып жұмыс істеймін. Қазір де оқиға аймағынан кеткен жоқпыз. Біз тексеру жұмыстарының бұрмалаусыз өткенін талап етеміз. Адам өмірі ойыншық емес. Шахтада қауіпсіздік сақталмаған. Қайғылы жағдай әркімнің де басында болуы мүмкін. Қаза болғандардың денесі алты сағаттан аса уақыт шахтаның ішінде жатты. Біздің сөздерімізде жоғары жақта отырғандар естісі екен", - дейді жұмысшы Әмір Дәулетарин.

Еске сала кетсек, 30 желтоқсанда кен орнында жарылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан кезде төрт адам қайтыс болған еді.

Ақтөбе облысының әкімдігі оқиға орнына жедел түрде өңір әкімі Оңдасын Оразалиннің тапсырмасы бойынша мән-жайды анықтау үшін облыс әкімінің орынбасары Сәлімгерей Бекбергенов пен ТЖД қызметкерлері аттанғанын хабарлаған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1891881-adam-miri-ojynsyk-emes-aktbede-4-adam-kaza-bolgan-sahta-zmyssylary-nazyn-ajtty-foto/