RU

Сағынтаев алматылықтарды Жаңа жылмен құттықтап, алғысын айтты

Бақытжан Сағынтаев
Бақытжан Сағынтаев. Фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қала тұрғындары мен қонақтарын келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Бұл туралы мегаполис басшысы Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

"Біз өтіп бара жатқан жылмен қоштасарда, әдетте келер жылға үлкен үміт артамыз. 2020 жылдың әрбір күні қай-қайсымыздың да төзімділігімізді тексерген сынақтарға толы болды. Біз мүлдем жаңа, нақты жағдайда өмір сүруге, білім алуға, жұмыс істеуге дағдыландық.

Ұйымшылдықтың үлгісін көрсеткен барша алматылықтарға алғыс айтамын!

Барлығымыз да осынау қиын сәттерде бірге болудың қаншалықты маңызды екенін сезіндік, бірлігімізді бағалай білуді үйрендік, түйсіндік.

Жаңа жыл әрбір шаңыраққа қуаныш пен бақыт әкелсін! Барлық ізгі тілектеріңізбен үміттеріңіз еселене орындалсын! Балалар мен олардың әке-шешелері, аталары мен әжелері аман болсын! Жаңа жылдарыңызбен!", - деді Бақытжан Сағынтаев.

Еске сала кетсек, бұған дейін қазақстандықтардың Жаңа жыл мен Рождествода неше күн демалатынын жазған едік.

Сонымен қатар денсаулық сақтау вице-министрі Марат Шоранов Жаңа жыл қарсаңында қазақстандықтарға үндеу жасаған болатын.

Шоранов тұрғындарды адамдар жаппай жиналған жерге бармауға, ұжымдық кештер мен өзге де шаралар ұйымдастырмауға, коронавирусқа қарсы алдын алу шараларын сақтауға, қауіп-қатер тобындағы туыстарды қашықтан құттықтауға шақырды.

Вице-министрдің сөзінше, мерекелер еліміздегі эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына және коронавирус өсімінің бақылаудан шығуына себепкер болмауы керек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1891884-sagyntaev-almatylyktardy-zaa-zylmen-kttyktap-algysyn-ajtty/