RU

Коронавирустан сақтану үшін күнде бес литр су ішкен ер адам ауруханадан бір-ақ шықты

Су
Көрнекі сурет: pixabay.com

Англияның Патчуэй қаласының тұрғыны COVID-19-дан қорғану үшін күн сайын бес литр су ішемін деп ауруханадан бір-ақ шықты деп жазады lenta.ru.

34 жастағы Люк Уильямсон Ұлыбританияда енгізілген алғашқы карантин кезінде коронавирус жұқтырып алудан қатты қорқады.

Ол коронавируспен күресте ауыз су ішудің пайдасы туралы өзгелердің кеңесіне еріп, күніне бес литр су іше бастайды.

Нәтижесінде суды шектен тыс қабылдаған азамат кенет есінен танып құлаған.

"Ол бір апта бойы әлсіреп жүрді, өзгелер оған көп сұйықтық ішуге кеңес берді. Бір күні кешке ол жуыну үшін екінші қабатқа көтерілгенде, құлап түскенін естідім. Ол ваннадан шыға бергенде, есінен танып қалған екен", - деп болған жайтты есіне алды әйелі Лаура.

Лаура дәрігерлерді дереу шақырып, жедел жәрдем 45 минутта келіп жеткен.

"Күйеуім ессіз жатқанда оны жоғалтып алдым ба деп қатты қорықтым", - дейді әйел адам.

Уильямсон үш күн бойы жансақтау бөлімінде жатқан. Тексеру кезінде дәрігерлер пациенттің суды шамадан тыс қолданудан уланғанын анықтаған.

Ағзадағы натрийдің қатты азайып кетуіне байланысты ер адамның миы ісінген. Кейін науқасқа барлық қажетті көмек көрсетіліп, ол үйіне жіберілді.

Лаураның айтуынша, оның күйеуі жұмысқа қайта оралған, бірақ денсаулығы толық қалпына келмеген.

"Ол әлі де әлсіздікті сезінуде", - дейді Лаура.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлыбританияда коронавирустың жаңа штамы тез таралып жатқанын хабарлаған едік.

Мамандардың сөзінше, COVID-19-дың жаңа штамы адамдар арасында 70%-ға тез тарайтындығы белгілі болып отыр. Бірақ қауіптілігі жағынан бұрынғы түрінен еш ерекшеленбейді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1891921-koronavirustan-saktanu-sin-knde-bes-litr-su-isken-er-adam-emhanadan-bir-ak-sykty/