RU

Еліміздің екі өңірі Жаңа жылды "қызыл" аймақта қарсы алатын болды

Коронавирус
Фото: NUR.KZ / Петр Карандашов

Қазақстанның екі өңірі коронавирус инфекциясына байланысты қалыптасқан эпидемиялық ахуал бойынша Жаңа жылды "қызыл" аймақта қарсы алатын болды.

Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық денсаулық сақтау орталығының ресми сайты келтірген мәліметтерге сәйкес, Ақмола облысы "қызыл" аймаққа қайта енді.

Атырау облысы болса, әлі де "қызыл" аймақтан шыға алмай отыр.

Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары "сары" аймаққа кірген.

Қалған аймақтар "жасыл" зонаға жайғасты. Осылайша, еліміздің екі өңірі Жаңа жылды "қызыл" аймақта қарсы алатын болды.

Айта кету керек, Ақмола облысы бұған дейін коронавирусқа қарсы "қызыл" аймақта болған. Бірнеше күн бұрын ғана аталмыш аймақтан шыға алған өңір бүгін, 31 желтоқсанда "қызыл" аймаққа қайта еніп отыр.

Эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасының деректеріне сәйкес, Қазақстанның өзі 31 желтоқсандағы жағдай бойынша "сары" аймаққа жайғасқан.

Еске салсақ, бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында бас санитар дәрігердің жаңа қаулысы шыққан еді.

Одан бөлек, Нұр-Сұлтанның бас санитар дәрігері Жанна Пірәлиева астана тұрғындарына үндеу жасаған болатын. Ол қала тұрғындарын Жаңа жылды үйде қарсы алуға және санитарлық қауіпсіздік шараларын ұмытпауға шақырған еді.

Қыс басталғалы бері Нұр-Сұлтанда орта есеппен тәулігіне 79 коронавирус дерегі тіркелген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1891929-elimizdi-eki-iri-zaa-zyldy-kyzyl-ajmakta-karsy-alatyn-boldy/