RU

ШҚО-да бұрынғы сүйіктісін зорлаған полицей сотталды

Полицей
Көрнекі фото: NUR.KZ

Шығыс Қазақстан облысында бұрынғы сүйіктісін зорлаған экс-полицей алты жылға сотталды деп хабарлады Еуразия бірінші арнасы.

Қос ғашықтың арадағы байланысы үзілгеннен кейін бір жылдан соң жігіт өзінің бұрынғы сүйіктісін дүкенде кездестіріп, оны күштеп көлікке отырғызып, ұрып-соғып, ұялы телефонын сындырып, қызды әуежай жаққа алып кеткен.

"Мен өміріммен қош айтыстым деп ойладым, себебі оның қалауы да осы болған. Ол маған жол бойы психикалық түрде түбіме жететінін айтумен болды. Өлгеніңді қалайтынын айтып, сонда ғана жаным жай табады, деді. Бір емес, бірнеше рет. Ол үнемі менің соңыма түсіп, қорқытты, бопсалады, ақыр соңында бәрі осылай аяқталды", – деді жәбірленуші.

Прокурорлардың айтуынша, жергілікті полиция қызметкері әу бастан әріптесінің қылмысын жасыруға тырысқан, зорлаудан кейін қыз ауруханаға түскен. Бірақ жігіт сонда да ауруханаға барып, қызға сес көрсеткен.

"Енгізілген карантиндік шараларға қарамастан, ол қызметтік формада облыстық аурухана ғимаратының 4-ші қабатындағы нейрохирургиялық бөлімге кіріп, қызға тағы да дене жарақатын салған, содан кейін дәлізге жүгіріп шығып, терезені сындырып, оқиға орнынан ізін суытқан", – деп түсіндірді құқықтық статистика және арнайы есеп жөніндегі комитет басқармасының аға прокуроры Әсет Мұқышев.

Алайда, ер адам алысқа ұзай қоймады. Құқық бұзушы қолға түсті. 3 бап бойынша қылмыстық іс қозғалды – ұрлау, зорлау және бұзақылық.

Сот бұрынғы тәртіп сақшысын 6 жылға бас бостандығынан айырды.

Ал Шығыс Қазақстан облыстық сотының апелляциялық алқасы шешімді өзгеріссіз қалдырды.

Әріптесін бүркемелеп, әрекеттерін жасырмақ болған полиция бөлімінің екі қызметкеріне жаза қолданылады.

Қазір оларға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1891930-sko-da-bryngy-sjiktisin-zorlagan-policej-sottaldy/