Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Президент Роза Бағланованың есімін мәңгі сақтау үшін шаралар қабылдауды тапсырды

Опубликовано:

Роза Бағланова
Фото: yvision.kz

ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әнші Роза Бағланованың есімін мәңгі сақтау үшін шаралар қабылдауды тапсырды. Бұл туралы мемлекет басшысы Twitter парақшасында жазды.

"2022 жылдың 1 қаңтарында қазақтың бұлбұл әншісі Роза Бағланованың туғанына 100 жыл толады. Ол – Қазақстанның және КСРО-ның халық әртісі, Қазақстанның Халық қаһарманы.

Майдан даласында ән салған Р.Бағланова қазіргі күнге дейін еліміздегі және шетелдегі ән сүйер қауым арасында кеңінен танымал. Оның есімін мәңгі сақтау үшін шаралар қабылдауды тапсырдым", - деп жазды ол.

Роза Тәжібайқызы Бағланова әнші, Қазақстанның (1955) және бұрынғы КСРО халық артисі (1967), Халық қаһарманы (1996). Қызылорда облысының Қазалы қаласында 1922 жылы бірінші қаңтарда туған. ҚазАқпарат мәліметінше, 1941 жылы Қызылорда педагогикалық институтын бітірген. Өнер жолын Ташкент филармониясының ән-би ансамблінде әнші болып бастаған.

Сол ансамбльмен 2-дүниежүзілік соғыс жылдары майдан даласында өнер көрсетіп, 1945 жылы тоғызыншы мамырда Берлиндегі жеңіс концертіне қатысады. 1947 - 1949 жылдары Қазақ опера және балет театрының, 1949 - 1960 жылдары Қазақ филармониясының, 1960 жылдан Қазақконцерттің әншісі болып, ұлттық ән өнерін дамытуға үлкен үлес қосты, ерекше сазды әншілік мектептің қалыптасуына ықпал жасады.

Роза Бағланова қазақтың халық әндерін, замандас композиторлар әндерін, шет ел халықтарының (венгр, өзбек, қырғыз, тәжік, украин, грузин, әзербайжан, корей, қытай, моңғол, орыс, үнді, чех, швед, т.б.) әндерін нақышына келтіре орындады. 1946 жылы Мәскеуде өткен бүкілодақтық эстрада әншілері 2-конкурсының дипломаты, 1949 жылы Бухаресте өткен бүкіл дүниежүзілік Жастар мен студенттердің 2-фестивалінің лауреаты. Ленин, Еңбек Қызыл Ту, «Халықтар достығы» ордендерімен, «Шапағат» медалімен марапатталған. Роза Бағланова сирек талантты әнші, әлем халықтары әндерін шебер орындаушы.

Ол бүкіл Қазақстанда, КСРО-ның бұрынғы республикаларында, шетелдерде болып, Отан, махаббат пен достық, адам мен табиғат туралы әндерді шырқады. Гастрольдік сапарға шығарда Р. Бағланова міндетті түрде сол баратын елінің тіліндегі әнді үйренеді. Бірақ, қазақтың халық әндерін оның орындауында тыңдау ләззатына ештеңе тең келмейді.

Роза Бағланова 2011 жылы қаңтардың 8-інде Алматы қаласында дүниеден өтті. Әншінің орындауындағы Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», композитор М. Төлебаевтың ақын өлеңіне жазған «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», С. Мұхамеджановтың «Жарқ етпес қара көңлім не қылса да», «Қиыстырып мақтайсыз» әндері Қазақ радиосы фонотекасында сақтаулы, оның орындауындағы әндер бірнеше рет күйтабаққа жазылып, қазақ музыка мәдениетінің алтын қорына қосылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1892030-prezident-roza-baglanovany-esimin-mgi-saktau-sin-saralar-kabyldaudy-tapsyrdy/

pixel