Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев жастарға арнайы грант тағайындауды ұсынды

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Егемен Қазақстан" газетінде жарияланған "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" атты мақаласында жастарға арнайы грант тағайындау туралы ұсынысын жеткізді.

Мемлекет басшысы жастардың қашан да тың идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші екенін алға тартып, өскелең ұрпақтың осындай әлеуетін дұрыс арнаға бағыттап, тиімді пайдалану қажет екендігіне баса назар аударған.

"Осы орайда Президент жанындағы Жастар кеңесінің қызметін жандандырған жөн. Оны білікті әрі білімді жастарды жұмылдыратын жүйелі жұмыс алаңына айналдырамыз. Бұдан бөлек, мен азаттық жылдарында дүниеге келген, әлі танылып үлгермеген талантты жастарды қолдау мақсатында "Тәуелсіздік ұрпақтары" атты грант тағайындауды ұсынамын", - деп жазды президент.

Одан бөлек, мемлекет басшысы халыққа шынайы патриоттық сезіммен рухтанып, қасиетті Тәуелсіздігімізді одан әрі нығайта түсу үшін бірлесе жұмыс істеу керектігін сөз еткен. 

"Барша отандастарыма, әсіресе, жастарға айтарым: кең байтақ Қазақстанды асқақ армандарың мен батыл жоспарларыңды емін-еркін жүзеге асыра алатын, табысыңа марқайып, әрдайым тілеуіңді тілейтін қасиетті Отаның ретінде бағалаңдар! Мен жаңа Қазақстан патриотизмінің жасампаздық құдіретіне сенемін", - деп жазды Тоқаев.

Осы орайда президент тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейтінін ескертті.

"Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет. "Тәуелсіздік бәрінен қымбат!" деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс. Ұлтымыздың ұлы ұстыны – қастерлі Тәуелсіздігіміз барша жұртымыздың патриоттық рухымен асқақтай берсін!", - деп мақаласын аяқтады Тоқаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1892257-tuelsizdik-rpaktary-tokaev-zastarga-arnajy-grant-tagajyndaudy-syndy/

pixel