RU

Тоқаев: Ашаршылықтан қырылмағанда, халқымыз әлденеше есе көп болар еді

Ашаршылық құрбандарына ескерткіш. Алматы
Ашаршылық құрбандарына ескерткіш. Алматы. Фото: massaget.kz

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Egemen Qazaqstan газетінде жарияланған "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" атты мақаласында алапат ашаршылықтың салдары туралы ойын ортаға салды.

Президент тарихқа көз жүгіртіп, әр буын белгілі бір сынақты басынан өткергенін сөз еткен. Бабаларымыз "Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаны", аталарымыз алапат ашаршылықты, қуғын-сүргінді, дүниежүзілік соғысты көргенін еске алған мемлекет басшысы халқымыздың саны азайғанына баса назар аударған.

"Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда, халқымыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді", - дейді Тоқаев.

Мемлекет басшысы тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмегенін алға тартып, тарихи құжаттарды зерделеу қажеттігін ескертті.

"Тіпті, ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғамды адастырады. Тиісті тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек. Білікті мамандар жүйелі зерттеумен айналысып, соған сәйкес ашаршылық мәселесіне мемлекет тарапынан баға берілгені жөн. Біз бұл күрделі мәселеге ұстамдылықпен және жауапкершілікпен қарауымыз қажет. Жалпы, тарихи зерттеулерді ұраншылдық пен даңғазасыз, таза ғылыми ұстаныммен жүргізген дұрыс", - деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1892260-tokaev-asarsylyktan-kyrylmaganda-halkymyzdy-sany-ldenese-ese-kp-bolar-edi/