RU

Қытай мен Қазақстан азаматтарынан құралған қылмыстық топ құрықталды (видео)

Полицей
Көрнекі фото: NUR.KZ

Алматыда биологиялық ресурстар контрабандасымен айналысқан трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың ұйымдастырушылары сотталды деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Комитеттің баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеу департаменті Қытай мен Қазақстан азаматтарына қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.

Олар трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында сомасы 470 миллион теңгеден астам артемия салинасы (артемия цистасы) шаяндарының контрабандасын жүзеге асырғаны үшін айыпталған болатын. 

"Жедел іздестіру шаралары барысында тауарларды контрабандалық жолмен өткізу кезінде Қазақстан аумағынан шығаруға тыйым салынған, жалпы салмағы 400 тоннадан асатын биологиялық ресурстар табылған көліктер ұсталды", – дейді тәртіп сақшылары.

Алматы қалалық мамандандырылған соты үкімімен төрт айыпталушы қылмыстық кодексті 234-бабының 2-бөлігі, 3-тармағы ("экономикалық контрабанда"), 264-бабының 1 мен 2-бөлігі ("Трансұлттық ұйымдасқан топ, трансұлттық қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу") және 214-бабының 2-бөлігі ("Заңсыз кәсiпкерлiк, заңсыз банктік, микроқаржылық немесе коллекторлық қызмет")  бойынша кінәлі деп танылып, 8 жылдан 10 жылға дейін әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Айта кетейік, артемия салина шаяндарын фармацевтика саласында кеңінен қолданады. Себебі оның құрамында аққуыздар, майлар, амин қышқылдары, дәрумендер, гормондар және тағы басқа пайдалы заттар көп. Мәселен, артемияның ақуыздарында анықталған 18 амин қышқылының 8 түрі таптырмайтын қышқылдарға жатады. Олар: треонин, валин, метионин, изолейцин, лейцин, фениланин, лизин және гистидин.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1892284-kytaj-men-kazakstan-azamattarynan-kralgan-kylmystyk-top-kryktaldy-video/