Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Алты рет ота жасалды": Ақтөбелік ана 13 жастағы қызының еміне жанұшыра көмек сұрауда

Опубликовано:

Айсара
Айсара. Фото: pomosh.aisare

Ақтөбелік 13 жастағы Айсара Ғабитова аяқ астынан ауыр сырқатқа ұшырады. Тумысынан зерек, дарынды әрі дені сау болып өскен ол екі жылдан бері өмірі үшін күресіп келеді. Жеткіншекті тек неміс дәрігерлері емдей алатындықтан, отбасына қыруар қаражат қажет. Айсараның анасы Нұргүл Аманғалиева KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат беріп, қызының өмірін сақтап қалу үшін көпшіліктен көмек сұрады.

Мектепте басы айналып, сабақ үстінен жедел жәрдем алып кеткен Айсараға дәрігерлер мойын күретамырының қанға толып, ісіп тұрғанын және дене бітімі өскен сайын ісіктің де үлкейетінін айтқан.

Бүгінде шынашақтай Айсара Алматы қаласында алты бірдей отаны бастан өткізген. Алайда, бұдан пайда болған жоқ. Оның сырқатын тек қана неміс дәрігерлері емдей алатын болып шықты.

Құжат
Фото: Айсараның жеке мұрағатынан

"Қызымыздың күтпеген жерден сырқатты болғанын осыдан екі жыл бұрын білдік. Бұл біздің қарапайым отбасымыз үшін ауыр соққы болды. Бір күннің ішінде мойнының сол жағы ісіп кетті. Алғашында қатты қауіптенген жоқпыз. Ақтөбе облыстық балалар ауруханасы мойын бездері ісінгенін айтып, оны отамен алып тастауға болатынын айтты. Бірде жұмыста отырсам, Айсараның басы айналып, әжесімен бірге жедел жәрдем алып кеткенін хабарлады.

Дереу сонда жүгірдік. Қызымды қарау үшін ересектер ауруханасынан арнайы хирург келіп, МРТ түсірді. Ол бізге қызымның мойнындағы көктамыр, қан күретамырларының оратылып жатқанын айтты. Нақты диагнозы – бұғана маңы және мойынның сол жағындағы көктамыр мен күретамырдың мальформациясы", - дейді Айсараның анасы.

Содан бері Ғабитовтер отбасы Айсараға ем іздеп, талай табалдырықты тоздырған. Екі жыл бойы Ақтөбе мен Алматы арасын жол қылып, өткен жылдың қыркүйегінде Мәскеуге де барып қаралған.

"Қызыма әлгі диагноз қойылғалы бері Алматы қаласында алты рет ота жасаттық. Бірақ аурудың беті қайтпай, мойындағы ісік өсе берді. Қыркүйек айында Мәскеудегі қан айналым жүйесінің ауытқушылығымен туған балаларды емдеу орталығына үлкен үмітпен барғанбыз. Олар емдей алмайтынын айтып, бас тартты.

Тек Германияның Галле университетіндегі дәрігерлері ота жоспарын жасап, сметасын ұсынды. Барлық құжаттары қолымызда. Қызымның мойнындағы күретамырдан көктамырға қан бармай, мойыннан жүретін күретамыр қанға толып, ісініп тұрғанын неміс дәрігерлері тез әрі толыққанды түсіндірді", - дейді Нұрғал Аманғалиева.

Бүгінде Айсара Ғабитоваға Германияның Галле университетінде құны 13 миллион теңге тұратын бір ота жасалды. Аталған қаржыны жинау олардың қарапайым отбасына оңай болған жоқ. Абырой болғанда, Германиядағы қайырымдылық қорларының бірі отаға көмектесіп, қаражат аударған.

Құжат
Фото: Айсараның жеке мұрағатынан

"Германиядағы дәрігерлер қызыма жалпы құны 40 миллион теңге тұратын үш ота жасау керектігін айтып отыр. Оның біріншісін 2020 жылдың желтоқсан айында атқардық. Енді олар тез арада екінші ота қажеттігін айтып, ота уақытын 2021 жылдың 3 наурызына белгілеп отыр. Екінші отаның құны – 14 миллион 405 мың теңге. Осы отадан кейін ғана хирургиялық жолмен ісікті кесіп тастайтын ота жасалады", - дейді Айсараның анасы.

Бүгінде Айсараның ата-анасы 14 миллион теңгені жинау үшін жанын салуда. Олардың өмірінде жалғыз ғана мақсат бар – ол қыздарының өмірін сақтап қалу.

"Біздің елімізде балалардың ауыр сырқатын емдеу жолға қойылмаған. Шетелге квота сұраған едік, өкінішке қарай, еліміз Германиямен келісімшарт жасаспаған екен. Осы орайда, аналық жүрегіммен баршаңыздан көмек сұраймын. Тай-құлындай шауып жүрген балапанымды аман алып қалуға көмектессеңіздер екен. Қызым өте алғыр, мақсаты айқын. Бұл сырқаттан жазылып кететіне қатты сенеді.

Ағылшын тілін жақсы меңгерген. Тіпті, Германияға барған кезде көшеде, ауруханада мені өз алып жүрді. Дәрігерлермен де өзі сөйлесті. Бірнеше жыл биге қатысқан еді, қазір оған мүмкіндігі жоқ. Бірақ ауырып жүргеніне қарамастан, дизайн жасаумен, пішу, тігумен айналысып жүр. Бірінші отаға барынша көмектескен туған-туыстарымызды айналдырған екі ай ішінде тағы да мазалауға мәжбүрміз. Сіздерден аналық жүрегіммен көмек сұраймын", - дейді Нұргүл Аманғалиева.

Егер Айсара Ғабитованың сауығып кетуіне көмектесем деушілер болса, анасы Нұргүл Аманғалиеваның реквизиттері төмендегідей:

Kaspi Gold нөмірі: 5169493184877929

Телефон арқылы Kaspi Gold-қа аударма жасау үшін берілген нөмір – 8 707 197 80 83.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1892708-alty-ret-ota-zasaldy-aktbelik-ana-13-zasar-kyzyny-emine-zansyra-kmek-srauda/

pixel