RU

Павлодарда ашық шұңқырға құлаған зейнеткер қатты күйіп қалды

Павлодар
Оқиға орны. Фото: instagram.com/akimat.pavlodar

Павлодарда 7 қаңтар күні таңертең Шокин көшесі мен Назарбаев даңғылындағы шұңқырға егде жастағы әйел құлап кетті. Мұнда жылу жолы жарылып, коммуналдық қызметкерлер жұмыс істеп жатқан екен. Зейнеткердің шұңқырға қалай түсіп кеткені белгісіз деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Павлодар облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.

Полицияның мәліметінше, зейнеткер шұңқырға абайсызда түсіп кеткен. Оқиға орнына жедел жәрдем мен құқық қорғау органдары шақыртылған. Зардап шегушіні күйік шалып, ол ауруханаға жатқызылған.

Өңірлік денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі қазіргі уақытта 63 жастағы зейнеткердің жағдайы ауыр екенін хабарлады.

Қазылған шұңқырға құлаған қарияның денесінің 45 пайызын қатты күйік шалған.

Қазіргі уақытта пациент жансақтау бөлімінде жатыр.

Еске сала кетсек, Павлодар облысында тас жолда тұтас бір отбасы бұзылған көлікте үсіп қала жаздаған болатын. Оларды патрульдік полиция қызметкерлері келіп құтқарып алған.

Сонымен бірге Павлодарда аяздың қаттылығынан кіреберістегі есіктер мен қабырғаларға мұз қатып жатқанын жазған едік.

Сондай-ақ Алматы облысында мұз қатқан су құбырларын көлік дөңгелектерін жағып ерітпек болғандардың видеосы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің назарына іліккен болатын.

"Алматы облысы бойынша экология департаменті ресми тексеру жүргізіп, оның нәтижелері бойынша тиісті шараларды қабылдауға ниетті екендігі туралы хабарлаймыз. Бұл видео авторы департаментке өтініш жазғаннан кейін мүмкін болады", - деген еді ведомствоның ресми өкілі Самал Ибраева.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1892756-pavlodarda-asyk-skyrga-klagan-zejnetker-katty-kjip-kaldy/