RU

Түркістан облысында жеті жылқыны ұрлаған барымташы ұсталды

Жылқы1
Көрнекі фото: piqsels.com

Түркістан облысында полицейлер шамамен 5 миллион теңгенің жылқыларын жымқырған күдіктіні құрықтады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ өңірлік полиция департаментіне сілтеме жасап.

Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Келес аудандық полиция бөліміне ауыл тұрғыны жеті бас жылқысының ұрланғанын айтып арызданған.

Арыз ҚР ҚК-нің 188-бабы "Мал ұрлығы" бойынша бірден тіркеуге алынып, полиция қызметкерлері оқиға орын алған жерді мұқият тексерген. Нәтижесінде полицейлер көршілес ауылдан күдікті ер азаматты ұстаған.

Тергеу барысында күдікті қорасының маңында жайылып жүрген жәбірленушінің жеті жылқысын өз қорасына кіргізіп алғаны анықталды. Осыдан кейін ол танысына хабарласып, жеті бас жылқыны 3 асыл тұқымды жылқыға айырбастап жіберген.

Жедел әрекет еткен полицейлер айырбасталған жылқыларды тез арада тәркілеп алып, иесіне қайтарған. Ал күдікті ер азамат қамауға алынды. Бүгінгі таңда оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Ал жылқысы тез арада табылған ауыл тұрғыны полицейлерге шынайы ризашылығын білдірген.

Еске сала кетсек, 2020 жылдың 11 желтоқсанында Жамбыл облысында белгілі Олимпиада жүлдегері Ақжүрек Таңатаровтың 26 жылқысын ұрлап кеткенін жазған едік.

Тұрар Рысқұлов ауданы полиция қызметкерлерінің жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде 31 жастағы Жарлысу ауылының тұрғыны ұсталған.

Күдікті бұған дейін осындай қылмысы үшін екі рет сотталған екен. Ұрланған жылқылар спортшыға қайтарылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1892813-trkistan-oblysynda-zeti-zylkyny-rlagan-barymtasy-staldy/