RU

Қостанайда өртеніп жатқан үйден 7 адам құтқарылды

Өрт сөндіруші
Көрнекі фото: NUR.KZ

Қостанайда жанып жатқан көпқабатты үйдің тұрғындары құтқарылды деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Бүгін сағат 09.55-те Қостанай қаласында бес қабатты тұрғын үйде өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. 5 минуттан кейін оқиға орнына Қостанай қаласының №5 өрт сөндіру бөлімінің 10 қызметкері мен 3 өрт сөндіру техникасы жетті. Құтқарушылар келгенде үйдің кіреберісінен қатты түтін шығып жатты. Түтін пәтерлерге тез тарала бастады.

Адамдардың тыныс алуы қиындап, өмірлеріне қауіп туды. Бірінші болып түтін аймағына құрамында 3 арнайы маманы бар газ-түтіннен қорғау қызметінің буыны кірді. Олар жанып жатқан 30 шаршы метр ауданда жұмыс істеді", – дейді ведомствоның баспасөз хатшысы Уәлихан Досанов.

Өрт сөндірушілер баспалдақтар арқылы 12 ересек адамды және 5 баланы эвакуациялады. Сонымен қатар, жанып жатқан үйден 7 адам құтқарылды, оның ішінде 3 бала болған. Өрт сағат 10.27-де толығымен жойылды.

Мамандар өрттің шығу себебін анықтауда. Қостанай облысының ТЖД тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды еске салады.

Еске салсақ, Қызылорда қаласы полиция басқармасының қызметкерлері өрт шыққан үйдің тұрғынын тілсіз жаудан құтқарғаны туралы жазған едік.

Полицейлер оқиға орнына жеткен кезде тілсіз жау үдеп, үйдің іші қою түтін басқан. Өртті ауыздықтау барысында үйде газ баллондары бар екендігі белгілі болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1892848-kostanajda-rtenip-zatkan-jden-7-adam-ktkaryldy/