RU

"Қобалжып тұрмыз": Ақтөбедегі сайлауды егіздер бастады (фото)

егіздер
Фото: NUR.KZ

Бүгін Ақтөбе қаласындағы №554 сайлау учаскесін егіздер ашты. Бұл - Мадияр мен Данияр Әміржановтардың бірінші сайлау науқаны.Таңдау жасауда қобалжып тұрғандарын жасырмаған егіздер өз тілегін жеткізді деп хабарлайды өңірдегі KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Сайлауға бірінші рет қатысып тұрмыз. Аздап қорқыныш бар. Біз өз таңдауымызды жасадық. Еліміздегі саяси өзгерістерді қарап отырамыз. Өз үлесімізді қосқымыз келеді. Елде амандық, бейбітшілік болсыншы",- дейді Мадияр Әміржанов.

Мадияр мен Данияр Әміржановтар Ақтөбе қаласындағы №1 орта мектепте білім алған. Егіздер биыл кәмелет жасқа толды.

Қазіргі таңда С.Сейфуллин атындағы аграрлық университетте геодезия мамандығы бойынша білім алып жүр. Екеуі бір топта.

сайлау ақтөбе
Фото: NUR.KZ

Әміржановтар отбасында бес бала бар екен. Мадияр мен Данияр олардың үлкені.

"Мен де өз таңдауымызды жасадым. Елдегі саяси өзгерістерге қарап, өз үлесімді қосқым келді", - деді Данияр Әміржанов.

Қазіргі уақытта Ақтөбе облысындағы 517 сайлау учаскесінде сайлау өтіп жатыр. Олардың 162-сі Ақтөбе қаласында.​

Естеріңізге сала кетсек, бүгін, 10 қаңтар күні елімізде Парламент мәжілісі мен маслихат депутаттарының сайлауы басталды.

Облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың және елорданың сайлау комиссиялары ұсынған деректерге сәйкес, 2021 жылғы 10 қаңтардағы астана уақытымен сағат 7.00-дегі жағдай бойынша 12 өңірде 8 141 сайлау учаскесі дауыс беруге кірісті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1892943-kobalzyp-trmyz-aktbedegi-sajlaudy-egizder-bastady-foto/