RU

Қарағандыда қатты аяз салдарынан такси құны 10 есеге қымбаттаған

Такси
Көрнекі сурет: pixabay.com

Еліміздің бірқатар өңірінде қатты аяз жұртты әбігерге салуда. Әсіресе Қарағанды қаласының тұрғындары қатты бораннан жапа шегіп отыр. Қалада ауа райының бұзылуынан такси құны бірден он есе шарықтаған деп хабарлайды "Астана" арнасы.

Қарлы боран мен аяздан 12 қаңтар күні Нұр-Сұлтан-Қарағанды тас жолында ірі жол апаты болды.

Бірден алты жеңіл көліктің соқтығысуына бораннан жолдың көрінуі нашарлап кеткені себеп болған екен.

Абырой болғанда, ауыр жарақат алғандар жоқ. Десе де көліктердің кейбірі жөнделместей күйге түсіп, тас-талқан болған.

Орталық Қазақстанда ауа райы кешегі күннің таңынан бері қатты суытып кеткен. Желдің екпіні секундына 20 метрге дейін жеткен.

Өңірде 12 қаңтар түстен кейінгі уақыттан бастап жолдар жабылып, қалааралық көліктердің қозғалысына тыйым салынған.

Салдарынан Қарағандыға ат терлетіп, жұмыс істеуге барып жүрген Теміртау тұрғындары үйіне жете алмай қалған. Такси құны да он есе шарықтаған көрінеді.

Төтенше жағдайлар департаментінің хабарламасына сәйкес, алты өңірде боран салдарынан кез келген көлік түрі үшін жол жабылған.

Нақты айтсақ, Нұр-Сұлтан қаласында, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Павлодар және Қарағанды облыстарында жолдар жабылып отыр.

Тәртіп сақшылары мен құтқарушылар қала немесе аудан сыртына шықпай тұра туруға кеңес беруде. Тас жолдардың жабылуына қатысты өзекті ақпаратты 1403 байланыс нөмірі арқылы алдын ала нақтылап алуға болады.

"Құрметті Қарағанды тұрғындары мен қонақтары, ауа райының нашарлауына байланысты қала сыртындағы тас жолдарға шықпауларыңызды сұраймыз", - дейді Қарағанды облысы бойынша полиция департаментінің облыстық батальон командирі Талғат Оспанов.

М. Иневатованың материалынан аударылды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1893481-karagandyda-katty-aaz-saldarynan-taksi-kny-10-esege-kymbattagan/