RU

Бала күнгі арманы: Атырау облысында бұрынғы әкім полицей атанды

Полицей отбасымен
Фото: facebook.com/dvdatyrau

Зинел Каиров бала күнгі арманын орындау үшін осыдан екі жыл бұрын ауыл әкімі лауазымынан бас тартқан. Бүгінде ол Атырау қаласы полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі басқармасының учаскелік полиция инспекторы лауазымында қызмет атқарады.

Атырау қаласы полиция департаментінің Facebook-тегі ресми парақшасында жария болған ақпаратқа сенсек, 2009 жылы Атырау мемлекеттік Халел Досмұхамедов атындағы универсетінде​ тарих мамандығы бойынша тәмамдап, ең алғаш еңбек жолын Мақат ауданындағы ​Хамза Санбаев атындағы орта​ мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып бастайды. Кейін Мақат ауданы Бәйгетөбе ауылдық округінде әкім болып қызмет еткен.

Бала күнінен құқық қорғау саласына қызығушылық танытып, осы сала маманы болуды армандаған Зинел осыдан екі жыл бұрын ішкі істер органдарына қызмет ауыстырады. Солайша, өзінің бала күнгі арманына қол жеткізеді.

Қазіргі кезде ол Атырау ауылдық округіне қарасты Жаңаталап ауылының тәртібі мен тыныштығын күзетеді. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді өзінің азаматтық борышы санаған жас полицей бүгінде жемісті жұмыс атқарып жүр.

"Әрине, тәртіп сақшысының міндеті – қоғамдық тәртіпті қадағалау, қылмысты мейлінше болдырмау, оның алдын алу", – дейді полиция аға лейтенанты.

Үйінен таңда шығып, түннің бір уағында ғана оралатын Зинел өзіне артылған осынау міндетті жете түсінетінін де жеткізді.

Аға лейтенант бүгінде мемлекеттің ішкі істер саласының қызметкерлеріне тиісті қолдау көрсетіп отырғанын атап өтті.

Ол отбасымен қызметтік пәтерде​ тұрады.​ Полицей өзі сияқты жас отбасыларға, мамандарға мейлінше қолдау көрсетіп отырған мемлекетке адал қызмет етуді басты міндетім деп санайды.

Өзінің темірдей тәртібімен, жүйелі жұмысымен көзге түскен Зинел Каиров өңірдегі ішкі істер саласындағы басшылардан да лайықты марапаттарын алып жүр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1893540-atyrau-oblysyndagy-bryngy-kim-policej-boldy/