RU

"Әлемде дені сау адам қалған жоқ": Желіде тараған ақпарат жұрттың зәресін алды

Көрнекі
Көрнекі фото: pexels.com

Әлеуметтік желілерде әлемде дені сау адамның қалмағаны туралы хабарламалар тарап жатыр. Өйткені, әлі коронавируспен ауырмағандардың бәрі жаңа "симптомға дейінгі науқастар" санатына жатқызылды. Алайда бұл жалған ақпарат деп жазады Stopfake.kz.

JAME Network-та жарияланған мақалада Америка Құрама Штаттары аурулардың алдын алу және бақылау орталығының зерттеуі негізінде осындай қорытынды жасағаны айтылған. Онда "симптомға дейінгі" деген терминнің жазылғаны рас, бірақ ол covid-19-мен ауырмаған сау адамдарға қолданылмайды.

"Біз симптомға дейінгі (яғни, симптомдар пайда болғанға дейін ауруды жұқтырғандар), симптомсыз және симптомды науқастардың әртүрлі сценарийлердегі берілу пропорцияларын бағалау үшін қарапайым модельді қолдандық, онда симптомға дейінгі жұқтырудың әр түрлі әсерін және симптомсыз тасымалдаушылардан берілу (яғни, симптомдар пайда болмағандарда) пропорциясын бағалау үшін аурудың берілу уақыты өзгеріп отырды", – делінген мақалада.

Демек, ғалымдар тек коронавирус инфекциясын жұқтырған тәжірибеге қатысушылар туралы ғана айтқан. Олар симптомдардың болуы немесе болмауы негізінде үш топқа бөлінгені белгілі болды.

Осылайша, барлық халық үш санатқа бөлінді деген пікір – фейк. Сондай-ақ, мақалада планетадағы сау адамдардың саны туралы да ештеңе жазылмаған.

Фото
Скриншот: Stopfake.kz

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1893689-lemde-deni-sau-adam-kalgan-zok-zelide-taragan-akparat-zrtty-zresin-aldy/