RU

Павлодарда алты жасар інісін іздеуге шыққан 9 жасар бала адасып кетті

Жеткіншек
Көрнекі сурет: polisia.kz

Павлодарда інісін іздеуге шыққан 9 жасар бала, ақыры өзі адасып кетті деп хабарлайды Polisia.kz.

11 қаңтарда сағат 14:40-та Павлодар қаласының полициясына қала тұрғыны қоңырау шалып, көмек сұрады. Ол Гагарин көшесінің бойындағы аулада адасып, үйін таппай жүрген баланы байқаған.

Баланың артынан келген полиция қызметкерлері оның ағасымен және әжесімен бірге аулаға ойнауға шыққанын анықтайды. Біраз уақыттан кейін әжесі азық-түлікті үйіне апаруға кетіп, балаларға тез арада оралатынын және қайтып келгенге дейін оларға ауладан шықпауын ескертіп кетіп қалады.

Көп ұзамай інісін жанынан таппай қалған 9 жасар бала үйіне қарай жүгіріп, інісінің үйде жоқтығына көз жеткізеді. 6 жасар інісі үйінде де жоқ екендігін ұққан жеткіншек әжесінің киінуін күтпестен көшеге жүгіріп шыққан.

Інісін одан әрі іздеп, көрші аулаларға қарай жүгірген жеткіншек соңында өзі де адасып кетеді. Ақыры ол өтіп бара жатқан әйелден көмек сұрап, полицияны шақыртуын өтінген.

Осы кезде кіші немересі көрші ауладан қайтып оралып, екі бірдей немересін шарқ ұра іздеп жүрген әжесін жолықтырады. Алты жасар балақай оны ағасы мен әжесі әбден іздегенінен мүлде бейхабар болған. Ал тоғыз жасар жеткіншекті тәртіп сақшылары үйіне дейін жеткізіп салды.

Екі бала да ата-анасына аман-есен табысталды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1893747-pavlodarda-alty-zasar-inisin-izdeuge-sykkan-9-zasar-bala-adasyp-ketti/