RU

Павлодарлық тұрғын түн ішінде полицейлерді аяғынан тік тұрғызды

Полицей
Көрнекі фото: NUR.KZ / Петр Карандашов

Павлодарда көлігінің жоғалғанын айтып, түн ішінде дабыл қаққан тұрғын шамамен 90 мың теңге көлімінде айыппұл арқалады деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.

Белгілі болғандай Павлодар тұрғыны түн ішінде көлігі ұрланғанын айтып, полицейлерден көмек сұраған.

Жедел жасақ жүргізушінің көлігін қала ішіндегі көпқабатты үйлердің бірінің жанынан тапқан.

Көлікті ешкім ұрламағаны анықталды. Ішімдіктен ұрттаған жүргізуші көлігін қайда қойғанын ұмытып қалса керек. Ол жоғалды деген көлігін оталдырған күйі есігін құлыптамастан, аулада қалдырып кеткен екен.

Полицейлер болса, "көлікті ұстау" операциясын құрып, барлық күш құрылымдарын жұмылдырған болып шықты. Тексеріс барысында арызданушының қатты мас екені анықталған.

Жалған ақпарат беріп, полицейлерді тектен-тек әбігерге салған азаматтың үстінен әкімшілік іс қозғалды.

Айта кетсек, жыл басынан бері аймақта осыған ұқсас бес дерек тіркелген.

"Жүргізушіге қатысты полиция органдарын жалған шақыру фактісі бойынша іс қозғалды. Қазақстан республикасының Әкімшілік кодексінің 438-бабына сәйкес, оған 30 АЕК көлемінде айыппұл салынды", - дейді Паводар облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Жанна Біләлова.

Ө. Қуанар

Айта кетейік, бұған дейін Павлодарда жалған құжат жасау және алаяқтық бойынша айыпталған алты адамға сот үкімі шыққанын хабарлаған едік.

Тергеу мәліметіне сүйенсек, олар айып тұрағында қалған шетелдік көліктерді ұрламақ болған. Ол үшін жалған құжаттар жасау қажет болған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1893868-pavlodarlyk-tn-isinde-policejlerdi-tik-trgyzdy/