RU

Бақытжан Темірболат "Елбасы кітапханасының" директоры қызметіне келді

Бақытжан Темірболат
Фото: Ақорда

Бақытжан Темірболат "Елбасы кітапханасының" директоры қызметіне келді. Тиісті құжат Ақорда сайтында жарияланды.

"Мемлекет басшысының өкімімен Бақытжан Берікбайұлы Темірболат "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы" мемлекеттік мекемесінің директоры қызметіне тағайындалды",- делінген хабарламада.

Айта кетейік, Парламент мәжілісінің депутаттары VII шақырылымдағы парламенттің бірінші сессиясының ашылуында үкімет басшысы лауазымына Асқар Маминнің кандидатурасын қолдады.

Асқар Маминнің министрлер кабинетінің басшысы лауазымын сақтап қалуы туралы ұсынысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынды. 99 депутаттың 78-і Маминнің кандидатурасына қолдау білдірді.

Көп ұзамай Ақорда Асқар Ұзақбайұлы Маминді Қазақстан Республикасының премьер-министрі қызметіне тағайындау туралы қаулыны жариялады.

"Асқар Ұзақбайұлы Мамин Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі болып тағайындалсын",- делінген хабарламада.

Күні кеше тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев "Nur Otan" партиясы фракциясының отырысында болашақ премьер-министрдің кандидатурасына қатысты өз пікірін айтқан еді.

"Менің пікірім - сабақтастықты сақтау керек. Барлық қиындыққа қарамастан, үкімет өз жұмысын орындады. Басқа елдерге қарағанда біз жаман нәтиже көрсеткен жоқпыз. Егер президент Мамин Асқар Ұзақбайұлын ұсынса, онда фракциядан оның кандидатурасын қолдауды сұраймын", - деді Елбасы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1894044-bakytzan-temirbolat-elbasy-kitaphanasyny-direktory-kyzmetine-keldi/