Прокурор бұрынғы вице-министр Шкарупаны 10 жылға соттауды сұрады

Опубликовано:

Анатолий Шкарупа
Фото: Green Bridge

Прокурор Энергетика министрінің бұрынғы орынбасары Анатолий Шкарупаны 10 жылға, ал Қайсар Байдалы мен Ерлан Нәбиевті 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Қарағандының Қазыбек би аудандық сотында миллиондаған доллар жымқыру туралы қылмыстық іс қаралып жатыр.

"Үш сотталушының да кінәсі толық расталды. Анатолий Шкарупаны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша "сеніп тапсырылған аса ірі көлемдегі мүлікті алдын ала сөз байласу арқылы иемденіп, жұмсау" қылмысын жасағаны үшін кінәлі деп табуды сұраймын.

Мемлекеттік қызмет пен ұлттық компанияларда жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айыра отырып, мүлкін тәркілемей, орташа қауіпсіздік режиміндегі қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесінде 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын.

Қайсар Байдалы мен Ерлан Нәбиевті мүлкін тәркілеместен, орташа қауіпсіздік режиміндегі қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесінде 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймын", - дейді прокурор.

Естеріңізге сала кетейік, Энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупа "Тұрғын үй құрылысын дамыту қорының" бұрынғы төрағасы Қайсар Байдалымен және ENERCO компаниясының директоры Ерлан Нәбиевпен бірге Сарань қаласында жылу есептегіштерін орнатуға арналған бюджет қаражатын жымқырп, жұмсады деп айыпталуда.

Бастапқыда шамамен 215 миллион теңгенің жымқырылғаны сөз етілген болатын. Шкарупа 2018 жылдың қарашасында қамауға алынды. Қылмыстық іс 115 томнан тұрады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1894282-prokuror-bryngy-vice-ministr-skarupany-10-zylga-sottaudy-srady/