RU

Нұр-Сұлтанда ер адам әйелін өлтіріп, артынша өзіне қол салған

мәйіт
Көрнекі фото: van-horn.net

Нұр-Сұлтан тұрғыны әйелін өлтіріп, артынша өзіне қол салған деп хабарлайды zakon.kz.

Полицияның мәліметінше, 16 қаңтар күні елордадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде болған жанжал соңы адам өлімімен аяқталған.

Күйеуі өз әйелін пышақтап, оның сіңлісін де жарақаттаған.

Сіңлісі пәтерден қашып шығып, көмек сұрап үлгерген. Көршілер де бірден полиция шақыртқан. Бұл уақытта азамат пәтерді ішінен жауып алған.

"Оқиға орнына келіп жеткен полиция есікті ашып, 46 жастағы әйел мен өз-өзін пышақтаған күйеуінің денесін тапқан", - деді полициядан.

Қазір аталған фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

Айта кетейік, осыған дейін Алматы облысында ер адам өзінің жарын соққыға жығып, артынша ваннаға батырып өлтіруге әрекеттенгенін жазған едік. Ол шаңырақ көтерген 15 жылдың ішінде әйелін үнемі ұрып келген екен.

Одан бөлек, Қарағандыда жергілікті тұрғын отбасылық жанжал кезінде әйелін өлтіріп, қатты күйзеліске түскен. Қазір ер адам жазасын АК-159/7 түзеу мекемесінде өтеп жатыр. Ол болған жағдайды әр күн сайын есіне алып, әйелінің өлімі үшін өзін кешіре алмай жүр.

Айтуынша, барлығы қызғаныштан басталыпты. Ер адам әйелі алдап жүр деп күдіктенген. Сол күні жағдайға көзі жетпей, әйелінің сөздеріне құлақ аспай және ажырасуға өтініш бермей жарын ұрған. Дәрігерлер әйелді құтқара алмаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1894501-nr-sltanda-er-adam-jelin-ltirip-artynsa-zine-kol-salgan/