RU

Қазақстанның тағы бір қаласында карантин күшейеді

Көрнекі
Көрнекі фото: NUR.KZ

Орал қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің міндетін атқарушы қала аумағында шектеу шараларын күшейту туралы жаңа қаулыға қол қойды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Құжатқа сәйкес, қала аумағында ойын-сауық, спорттық іс-шаралар, көрме, форум, конференция, концерттер, сондай-ақ отбасылық (банкет, үйлену тойы, мерейтой), еске алу шараларын, оның ішінде үйде және адамдар көп жиналатын өзге де іс-шараларды өткізуге сол күйі тыйым салынған.

Сонымен қатар, жабық азық-түлік емес және азық-түлік базарлары жексенбі күндері жұмысын тоқтатады. Даладағы базарлар да жексенбі күндері жұмыс істемейді.

Сауда үйлері мен орталықтары (павильондар, бутиктер) жексенбі күндері жабылады, бірақ олардың ішінде орналасқан азық-түлік супермаркеттері мен дәріханалар, сұлулық салондары, химиялық тазарту жұмыс істей береді.

Қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс кестесі 9:00-ден 20.00-ге дейін белгіленіп отыр.

Тамақты алып кету және жеткізу қызметін көрсететін қоғамдық тамақтану нысандары сағат 9:00-ден 23:00-ге дейін ашық болады.

Одан бөлек, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдары қызметкерлерінің кемінде 80 пайызын "қашықтан жұмыс" форматына ауыстыруы тиіс.

Халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмыс күндері сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін, сенбі сағат 09:00-ден 14:00-ге дейін істейді.

Карантиндік шеутеулерді сақтау үшін ХҚКО-ға Egov.kz, EgovKZBot телеграм бот арқылы кезекті алдын ала брондау арқылы бару ұсынылып отыр.

Қаулы 2021 жылы 21 қаңтардан бастап күшіне енеді. Құжаттың толық мәтінімен сілтемеге өтіп танысуға болады.

Еске сала кетсек, Қазақстанда өткен тәулікте 999 адамнан коронавирус анықталған болатын. Олардың елуі Батыс Қазақстан облысының аумағында тіркелді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1894528-kazakstanny-tagy-bir-kalasynda-karantin-ksejedi/