Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жемқорлық туралы хабарлаған ақтөбеліктерге 2 млн теңге сыйақы берілді

Опубликовано:

Жемқорлық
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Ақтөбе облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті 2020 жылы 53 қылмыстық іс тіркеді. Өңірде 11 адам жемқорлық туралы хабарлап, 2 миллион теңге көлемінде біржолғы сыйақы алды деп хабарлайды Қазақпарат.

Басылым мәліметінше, ведомство басшысы Бауыржан Балғабеков өткен жылды қорытындылаған.

Ол облыс аумағында былтыр 53 қылмыстық іс тіркелгенін жеткізді. Соның 33-і ауыр қылмыс санатына жатады. 28 қылмыс қаржыны жымқыру, 5-уі лауазымдық өкілеттілігін теріс пайдалану және 18-і парақорлық.

Департаменттің дерегінше, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары, Ақтөбе қаласының ТКШ бөлімінің басшысы, "Ақтөбе қаласын тиімді дамыту орталығының" басшысы істі болған. Аудандық деңгейдегі бірқатар жергілікті атқарушы органдардың басшылары да тізімде бар.

Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру кезінде көптеген қылмыстың тіркелгені белгілі болды.

Олардың алтауы "Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту", бесеуі "Өңірлерді дамыту", төртеуі "Нұрлы жол", үшеуі "Білім мен ғылымды дамыту" және екеуі "Жұмыспен қамтудың жол картасы»"бағдарламарына тиесілі.

Қылмыстық істер бойынша келтірілген залал көлемі 240,8 млн теңгені құрап отыр, оның 201 млн теңгесі өтеліпті. Одан бөлек, жемқорлық туралы хабарлаған 11 адамға 2 миллион теңге сыйақы берілген.

"Жедел-тергеу бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарымызға қарамастан, жемқорлықтың тиімді алдын алу мен ауқымды ағарту ісі біздің қызметтегі басым бағыт болып табылады", - деді Ақтөбе облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы.

Айта кетейік, департамент бюджет қаржысын игеру кезіндегі заңдылықты да назарда ұстайды. Мониторинг кезінде 25 мемлекеттік орган мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде жалпы сомасы 437,1 млн теңгені құрайтын тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің бағасын негізсіз көтеру фактісі анықталған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1894624-zemkorlyk-turaly-akparat-bergen-aktbelikterge-2-mln-tege-syjaky-berildi/

pixel