Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қиналып кеттік": Ақтөбеде 23 отбасы ауыз сусыз ескі вагондарда күнелтуде

Опубликовано:

Вагон үйлер
Скриншот: "Астана" телеарнасы

Ақтөбенің іргесіндегі Қарғалы ауылында 23 отбасы бір жетіден бері ауыз сусыз отыр. Қара суды бес литрлеп сатып алып ішіп отырған жандардың арнайы мекемелерге өкпесі қара қазандай деп хабарлайды "Астана" арнасы.

1989 жылы құрылысшылардың жатақханасы болған барак типтес вагон үйлерде қыс кіргелі жөнді жылу да жоқ екен. Бүгінде мұнда 23 отбасы тұрып жатыр. Олардың дені әлеуметтік жағынан аз қамтылған жандар, көпбалалы аналар, мүгедектігі бар жандар.

Аядай бөлмеде екі баласымен екі жылдан бері тұрып келе жатқан ерлі-зайыпты қырқынан да шықпаған сәбиі үшін алаңдауда. Себебі, бөлме тастай суық, ал ауыз суды олар сатып алып ішіп отыр. Оның өзін үнемдеп пайдалануға мәжбүр.

"Мың жарым теңге ананың өзі. Ыдысы мың теңге суы бес жүз теңге ол 20 литр су бір жетіге ғана жетеді. Тамақ шай бар. Кейде сусыз отырамыз. Көршілерден сұраймыз", - дейді тұрғындардың бірі Гүлзира Жетенова.

Ауыз судан әбден таршылық көрген тұрғындар, тіпті бір-бірінен су сұрайтын күнге жеткен екен.

"Бір жеті болды су жоқ. Анадан сұрайсың, мынадан сұрайсың. Жұрт қашанғы бере береді. Бір күн сұрайсың, екі күн сұрайсың, қайта-қайта бара беруге ұяласың да. Сусыз қиын. Кір жуылмай тұр. Тек тамаққа аламыз. Тамақ істеп, шай қайнатамыз болды", - дейді өзге тұрғын Сарыалтын Сүйіншалина.

Бес баласы бар ана да мүгедектігі бар баласына күнде су керектігін айтып, жанайқайын жеткізді.

"Жалғызбасты анамын. Бес балам бар, екеуі мүгедек. Мүгедек кіші балама күнде суға түсу керек. Әйтпесе денесі қызарып, бөртіп кетеді. Ақбұлаққа, әкімдікке айттық. Еш нәтиже жоқ. Өздерің қазыңдар дейді. Қалай қазамыз. Қиналып кеттік. Бізде адамбыз ғой", - дейді тұрғындардың бірі Гүлмира Шабанова.

Үйлерге тек жылу мен жарық қана тартылған. Көгілдір отын жоқ. Жылудың өзі мардымсыз, электр пешін пайдаланады.

Тұрғындар судың жағдайына қатысты арнайы мекемеге хабарласқанынмен, олар ауыз су келіп тұрған құбыр қатып қалғанын анықтап, суды жібітпестен үнсіз кетіпті.

"Ауылға су келіп тұр, ал үйлерге баратын құбырдағы қатқан суды ерітуге тұтынушылардың өздері жауапты", - дейді олар.

Әкімдіктегілер болса тұрғындардың жайынан бейхабар болып шыққан.

"Көмектесу керек, сусыз отырса, адамдарға. Дәл қазір шешемін деп айта алмаймын. Ақбұлаққа шығамыз. Олардың басшылары бар. Көлікпен, техникамен қаздырып, басқа амал жоқ сұраймыз", - дейді Ақтөбе қаласы "Алматы" ауданы әкімінің орынбасары Бақұзақ Дарин.

Б. Рахметова

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1894656-kinalyp-kettik-aktbede-23-otbasy-auyz-susyz-eski-vagondarda-kneltude/

pixel