Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Кореяда сотталған 25 қазақстандық азамат елге қайтуы мүмкін

Опубликовано:

түрме
Көрнекі фото: www.centralasian.org

Жетінші шақырылымдағы мәжіліс "Қазақстан мен Корея Республикасы арасында сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы" заң жобасын мақұлдады деп хабарлайды Sputnik Қазақстан

Бұл жөнінде мәжілістің жалпы отырысында бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов айтты.

Оның сөзінше, шарттың негізгі мақсаты – сотталған адамдарды өзара алмасу, оларды беру жолдарын реттеу. 

Сотталғандар мынадай жағдайда беріледі: 

  • егер соттталған адам Қазақстан не Корея азаматы болып танылса;
  • сот үкімі заңды күшіне енген болса;
  • беру туралы сұрау салу алынған кезде кемінде бір жыл өтейтін мерзімі қалса;
  • жасаған әрекеті екі жақта да қылмыс болып танылса;сотталған адам өзін беруге ниет білдірсе;
  • екі мемлекет өзара беруге келіссе.

Ахметжанов осы талаптар сақталмаса, сотталған адамдар берілмейтінін жеткізді.

Қазақстанға қайтарылған адам Корея сотының үкімі бойынша өз жазасын өтейді, дейді бас прокурордың орынбасары.

"Егер Қазақстан мен Кореяның заңдары сәйкес болмаса, үйлеспесе, онда сот үкімі біздің заңда көзделген жазаға сай келтіріледі. Алайда жазаның сипаты мен ұзақтығы Корея соты тағайындаған жазадан қатал болмауы тиіс", - деді Ахметжанов.

Оның сөзінше, қазір Кореяда 25 қазақстандық, ал Қазақстанда Кореяның бір азаматы жазасын өтеп жатыр. 

"Ұсынылып отырған келісім ратификацияланған жағдайда бұл азаматтарды елге қайтаруға мүмкіндік туады. Олар елге келіп, әлеуметтік ортасында жазасын өтейді, қоғамға қайта бейімделуіне оң ықпал етеді", - деді бас прокурордың орынбасары. 

Ол Қазақстанның халықаралық шарттар туралы заңына сәйкес аталған шарт ратификациялауға жататынын сөз етті. Өйткені құжат адам құқықтарына тікелей қатысты. 

Шартты қабылдау бюджеттен қосымша қаражат талап етпейді және экономикалық-әлеуметтік, өзге де кері әсері жоқ. 

Мәжіліс заң жобасын мақұлдады.

Сонымен қатар, Ахметжанов тағы 26 қазақстандық Оңтүстік Кореяда қылмыстық жауапқа тартылып жатқанын жеткізді. Оларға қатысты сот үкімі әлі заңды күшіне енбеген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1894707-koreada-sottalgan-25-kazakstandyk-azamat-elge-kajtuy-mmkin/

pixel