RU

Шымкентте пара алды деп айыпталған мектеп директоры 8 жылға сотталды

Фото
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Шымкентте, пара алды деп айыпталған мектеп директоры 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Келтірілген деректерге қарағанда, педагог мемлекеттің сеніп тапсырылған мүлкін талан-таражға салып, алаяқтық жасаған деп хабарлайды Астана арнасы.

Еңбекші аудандық сотының судьясы Аинель Орақбаеваның айтуынша, айыпталушы мектеп директоры бола тұра өзінің қол астындағы мұғалімдердің айлықтарын иемденген.

"Мысалы басқа мұғалім кезекті еңбек демалысына немесе жарамсыздық парағында болған кезде оның міндеті басқа қызметкерге жүктеледі. Соның арасындағы айлық айырмашылығын иемденген", – дейді Аинель Орақбаева.

Еске сала кетсек, мектеп директоры өткен жылы жазда пара алу кезінде ұсталған. Ол карантин кезінде орнында қалдыру үшін мұғалімнен 135 мың теңге ақша бопсалаған. Сол параның 40 мың теңгесін алу кезінде қолға түскен.

Енді бұрынғы басшы жазасын, қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейді. Алайда айыбын мойындамаған экс-директор сот үкімімен келіспейтінін жеткізді.

А. Төребекқызы

Айта кетсек, Ақтөбе облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті 2020 жылы 53 қылмыстық істі тіркеген. Оның 28-і қаржыны жымқыру, бесеуі лауазымдық өкілеттілігін теріс пайдалану және 18-і парақорлық.

Қылмыстық істер бойынша келтірілген залал көлемі 240,8 миллион теңгені құрап отыр, оның 201 млн теңгесі өтелген.

Одан бөлек, жемқорлық туралы хабарлаған 11 адамға 2 миллион теңге сыйақы берілген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1894759-symkentte-para-algan-mektep-direktory-8-zylga-sottaldy/