RU

Мадридте жойқын жарылыс болды (фото, видео)

Жарылыс
Фото: t.me/Lshot

Бұқаралық ақпарат құралдары Испания астанасы Мадридте жойқын жарылыс болғаны туралы хабарлауда.

Қайғылы оқиға орнынан алғашқы суреттер мен видеолар ғаламторда жарияланып жатыр. Әзірге жарылыстың неден болғаны туралы ресми ақпарат жоқ.

Орыстілді бұқаралық ақпарат құралдары арасында жарылыс туралы ақпаратты алғаш болып Life басылымы өзінің ресми Telegram-каналында хабарлады.

Видеода жойқын жарылыстан ғимараттың күл-талқаны шыққанын, айналада адамдар жан-жаққа қашып жатқанын байқауға болады.

Жарылыс аймағы шаң мен түтінге оранған. Mash Telegram-каналы таратқан ақпаратқа сәйкес, жарылыс толқынын көрші аймақтың тұрғындары да сезінген екен.

Толедо көшесіндегі ғимарат қирап жатыр.

Ескерту: Видеоны жүйкесі жұқа және жүрегі әлсіз адамдарға қарауға кеңес бермейміз!

Жарылыстан кейін ғимаратта әлі де адамдар бары анықталды. Оларды эвакуациялап жатыр, аумақты полиция қоршауға алған.

Алдын ала мәліметтер бойынша, жақын жерде қарттар үйі бар. Алты адамның жарақат алғаны туралы белгілі, олардың бірінің жағдайы ауыр. Әзірге қаза болғандар туралы ақпарат жоқ. Құтқарушылар өртті сөндіріп жатыр.

РБК өзінің Telegram-каналында жазғандай, болған оқиғаның алдын ала нұсқасы - газдың жарылуы. Жақын жерде орналасқан Ла Палома шіркеуі де зардап шекті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1894808-madridte-zojkyn-zarylys-boldy-foto-video/