Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"14 несие жаптым": Құрт жасап, мол табысқа жеткен жамбылдық ару туралы не білеміз

Опубликовано:

Ұлбосын Жақыпбекқызы
Фото: "Ұлан" газеті

Ұлбосын Жақыпбекқызы – Жамбыл облысының Сарысу ауданындағы Жаңатас қаласының тумасы. Ұлбосынның оқыған мамандығы – медбике. Бірақ қазір мамандығы бойынша жұмыс істемейді. "Ұлбосынның ұлттық тағамдары"  деген атаумен бизнес ашқан. Құрт жасайды. Кәсібін нәсіпке айналдырған Ұлбосын республиканың барлық өңірінен тапсырыс қабылдайды деп жазады "Ұлан" газеті.

– Ұлбосын, неліктен  құрт жасау кәсібін таңдадыңыз?

– Оқуымды аяқтай сала мамандығым бойынша жұмысқа орналастым. Бірақ алған қаражатыма көңілім мүлдем толмады. Ұзақ ойланып-толғанып, кәсібімді бастаймын деп шештім. Бойымда күш-қуат, жастық жалын барда бір кәсіпті бастайын деп іске кірістім. Әрине, басында ата-анам, жақындарым бұған қарсы болды.

«Ақ халатыңды бекер тастадың» деп қарсылық білдірді. Сосын шағын несие алып, сүт өнімдерін сатуды қолға алдым, дүкенімді аштым. Қаймақ, шұбат, қымыз, сүзбе, сары май, құрт, ірімшік бәрін өз қолыммен жасап, азды-көпті табыс таптым. Бұрын ауылда тұрмаған, ешқашан сиыр сауып көрмеген маған қиынға соқты. Бірақ уақыт өте келе дүкенім жабылып қалды. Кәсібім жүрмей қалғандықтан депрессия болды.

«Алған несиелерімді қалай төлеймін?» деп күндіз-түні алаңдадым. Бес келі ғана құрт қалған екен. Содан ол құртты әдемілеп суретке түсіріп, инстаграмға  жарияладым. Бірден Семей қаласынан тапсырып түсіп, қатты қуандым. Тапсырыс беруші: «Құртыңыз өте дәмді екен», – деген пікір жолдапты.

Осы тапсырыстан кейін шабытым ашылып, әлеуметтік желіні жұмыс орнына айналдырдым. Бірақ құрттың сапасы ұнамады. Әжем 50 жыл бойы құрт жасаған кісі. Әжеме ұсыныс тастап едім, ол бұған намыстанып, зекіп тастады. Бәрі құрт жасаудың болашағы жоқ деп ойлады. Бірақ діттеген мақсатыма жету үшін әжемді көндіріп, құрт жасау техникасын меңгердім. Ақша жинап, күбі аппаратын алдық.

Құрт жасауға қажет барлық құралды алдық, сосын сүт өнімдерін сатып жүргенде маған таза, табиғи сүт сатқан адаммен келістім. Ол күніне маған 150 литр сүт әкелетін. Құртты таң атқаннан кеш батқанға дейін жасадық, халықтың көңілінен шықты. Кәсібім жүре бастағаннан кейін құрттарыма өзім атау бере бастадым.  Аллаға шүкір, құрттан көп табыс таптым. Осы адал кәсібімнің арқасында 14 несиемді жаптым.

Ұлбосын Жақыпбекқызының құрттары
Фото: "Ұлан" газеті

– Сіздің құртыңыз өзгелердің құртынан несімен ерекшеленеді?

– Біз құрттың жеті түрін дайындаймыз және сапасы өте жоғары. Майлы құрттар да, қызыл бұрышпен, райхан гүлімен жасалған, отқа ысталған құрттар да бар. Бірақ барлық құрттың ішінде ең тәттісі – менің «балдай» құрттарым. Халықтың көбі осы құртқа тапсырыс береді. Сонымен қатар құртты тек туған жеріме ғана емес, барлық облысқа сатамын.

– Әлеуметтік желідегі парақшаңыздан сізге көп тапсырыс түсетінін аңғардым. Шамамен күніне қанша келі құрт жасайсыз? Бұл кәсіппен қысы-жазы айналысасыз ба? Жә, жазда құртты кептіру оңайырақ қой, ал қыс кезінде ше? Ерекше тәсіл, ешкім білмей-тін құпия техникаңыз бар ма?

– Қазір бірнеше адамнан құралған командам бар, барлығымыз бірлесе жасаймыз. Біз барлық құрт жасау процесін әлеуметтік желіге жүктей алмаймыз. Өйткені бұл авторлық құқық. Біз құртты бір аптада бір немесе бір айда екі рет жасаймыз. Ол клиенттің тапсырыс беруіне байланысты. Егер тапсырыс түспей жатса, құрт жасамаймыз. Құрт жасау техникасын құпия ұстаймыз. Қыстыгүні құрт кептіру оңай емес. Бізде арнайы бөлмелер бар, ол бөлмеге адам кіргізілмейді. Онда тек құрт сақталып, кептіріледі.

– Өніміңізді шет елге экспорттау ойда бар ма?

– Қазір Оңтүстік Корея елімен келісімшартқа отырғанбыз. Бір айда 200 келідей құрт жібереміз. Кейде олар бір айда екі-үш рет тапсырыс береді. Әзірге тек осы елге экспорттап жатырмыз. Көршілес қырғыз, өзбек ағайындар алады деп ойламаймын, өйткені олар да құртты көп жасайды. Тіпті біздің елдің азаматтары сол елден тапсырыс береді. Болашақтағы мақсатым – құртымды  әлемге экспорттау. Егер мемлекет тарапынан азды-көпті көмек болса, нұр үстіне нұр болар еді.

– Коронавирус таралғалы бері ұлттық тағамға деген, құртқа, қымыз бен саумалға, шұбатқа деген сұраныс артты. Сірә, осы карантинде тапсырыс көп түскен шығар?

– Әрқашан «Кәсібім – оққағарым» деп жүремін. Карантин кезінде мені құрт алып шықты. Құрт жасауға жастық шағымды арнадым, бәріне адал еңбекпен жеттім. Расымен, карантинде құртқа сұраныс күрт артты. Ел арасында «Тұзды тамақ көп жесең, ауырмайсың» деген ақпараттар тарады ғой. Мүлдем құрт жемейтін, қымыз ішпейтін адамдар бірінші орында осы тағамдарды тұтынды. Шынына келсек, вирус бізге көп нәрсе түсіндірді, бір-бірімізді сыйлауды, құрметтеуді үйрендік. Енді бұл жаман ауру тезірек жойылса екен деймін. Сиыр жылын «құрт жылы» деуге де болады. Өйткені құрт ақтан жасалады. Елімізде бейбітшілік орнап, әр қазақ құрт жеп жүре берсін!

– Сұқбат бергеніңізге рақмет! «Ұлбосынның ұлттық тағамдары» жасай берсін, табысқа жете берсін!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1894928-14-nesie-zaptym-krt-zasap-mol-tabyska-zetken-zambyldyk-aru-turaly-ne-bilemiz/

pixel