RU

Атырауда тегін медқызмет көрсетуге бөлінген 17 млн теңгені кәсіпкер әйел жымқырған

Ақша теңге1
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Атырау облысында кәсіпкер әйел бюджет қаражатын аса ірі көлемде жымқырған. Ұрланған ақша тегін медициналық қызмет көрсетуге жұмсау үшін бөлінген деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Қаржы министрлігі қаржы мониторингі комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қаржы мониторингі комитетінің Атырау облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері Атыраудағы екі кәсіпорынның директорына қатысты ҚР ҚК 189-бабы 4-бөлімі 2-тармағы бойынша қылмыстық істі тергеуді аяқтаған.

Компания басшысы қызметін пайдаланып, бюджеттен бөлінген 16,8 миллион теңгеден астам ақша қаражатты жымқырған.

Ведомствоның хабарлауынша, бұл қаражат тегін медициналық қызмет көрсету мемлекеттік бағдарламасы аясында "Атырау облысы бойынша әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ-на бөлінген.

Келтірілен шығын Атырау облысының Сот сараптамасы институтының қорытындысымен расталған. Шығын өтелмегендіктен, күдіктінің мүлкіне тыйым салынды.

Атырау қаласы №2 сотының үкімімен аталған азаматша кінәлі деп танылған.

Әйелге 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру, медициналық мекемелер мен денсаулық сақтау ұйымдарында басшылық лауазымдарды атқару құқығынан 5 жыл мерзімге айыру жазасы тағайындалған.

Еске сала кетсек, Қарағандыда 107 миллион теңге ұрлады деп айыпталған әкім орынбасары Жақсылық Шалабековтың ісі сотқа жеткенін хабарлаған едік.

Ол "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша бөлінген бюджеттік қаражатты оңды-солды пайдаланды және жымқырды деген күдікке ілінген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1895144-atyrauda-tegin-medkyzmet-krsetuge-blingen-17-mln-tegeni-ksipker-jel-zymkyrgan/