RU

"Тиісе бастаған": Алматы облысында әйел танысына тәрелкенің сынығын сұғып алды

Қылмыс. Тәрелкенің сынығы
Көрнекі фото: chitalnya.ru

Алматы облысында 48 жастағы әйелге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Ол өзімен жасты ер адамға ауыр жарақат салғаны үшін айыпталып отыр.

Ресми мәліметке сәйкес, 20 қаңтарда түстен кейін полицияның кезекшілік бөліміне ауруханадан хабарлама түскен. Дәрігерлер 48 жастағы ер адамның қарнын белгісіз затпен тесіп тастағанын жеткізген. Құқық қорғаушылар бірден оқиға орнына аттанды деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Полицейлер жедел медициналық жәрдемнің ер адамды көп пәтерлі үйлердің бірінен алып кеткенін анықтады. Әйел сол жерде ұсталды. Ол өз кінәсін бірден мойындап, оқиғаның қалай болғанын айтып берді.

Оның айтуынша, ауруханаға түскен ер адаммен жақында ғана танысқан. Екеуі пәтерде ішімдік ішкен. Артынан ер адам оған тиісе бастаған. Бірақ әйел қарсылық көрсеткен. Осы кезде еркек оны бірнеше рет басынан ұрған көрінеді.

Әйел де қайтпайды. Ас үйдегі тәрелкені есікке бір ұрып сындырып, өткір сынығымен ер адамның ішінен екі рет ұрған.

"Тәрелкенің сынығы ер адамның ішінде қалып қойған. Қазіргі кезде әйел қамауға алынды. Жақын арада оған қатысты шешім қабылданады", - дейді полицейлер.

Айта кетейік, Сарыағашта тұрмыстағы әйелмен көңіл қосқан жігіттің өліміне қатысты сот басталды. Бұл сот отырысы негізі қазан айында өтуі керек болатын. Алайда, судья істі тергеуге қайта жіберіп, іс қаңтарға қалды. Келесі сот процесінде куәлар тыңдалмақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1895157-tiise-bastagan-almaty-oblysynda-jel-tanysyna-trelkeni-synygan-sgyp-aldy/